2017
жылдан бастап Қазақстан бағаны реттеуден бас тартады. Бұл жөнінде Табиғи
монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік
Жұманғарин мәлімдеді. Оның айтуынша, бизнес субъектілері арасында бәсекелестік ортаның туындауына бұл оң әсер
етеді. Әрі дүниежүзінде мұндай тәжірибе бұрыннан бар көрінеді.
Серік
Жұманғарин, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды
реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы:
Бағаны
реттеу бизнеске кедергі келтіреді. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап бағаны
еркіндікке жібереміз, оны күллі әлемде қолданылатын монополияға қарсы реттеу
тәсілімен алмастырамыз. Яғни баға бойынша өзара ымыраласқан, жағдайды теріс
пайдаланған, жоғары баға белгілеген жағдайларда шара қолданатын боламыз.
Өзара
келісіп, бағаны негізсіз көтеретін кәсіпкерлер бүгінде баршылық. Комитет бүгінге
дейін жанар-жағармай, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасын шарықтатқандарға 240
миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Оның басым бөлігі, яғни 220 миллион
теңгесі, бірқатар алпауыт компанияларға тиесілі. Өңірлерде жүргізілген тексеру
жұмыстары кезінде де біраз келеңсіздіктер анықталған.
Серік
Жұманғарин, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды
реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы:
Алматы
және Павлодар облыстарындағы базарларда қант және тауық етін сататындарды
тексергенде, бағаны негізсіз көтерген нарық субъектілері жалпы сомасы 3 млн
теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бағаны негіссіз көтеру деректері Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар,
Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында да анықталды. Осы материалдар сотқа
жіберілді. Салынатын айыппұл 20,5 миллион теңгеден асады.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА