$526.5 €611.64 ₽6.72
×

«Жастар» театры 9 маусымын жаңа ғимаратта ашты

AstanaTV
04.12.2015ж. 20:00
2593
«Жастар» театры 9 маусымын жаңа ғимаратта ашты

Астанада «Жастар» театрының жаңа маусымы ашылды. Өнер ұжымы көрерменге Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» спектаклін ұсынды. Бұған дейін театр ұжымының жеке ғимараты болмаған. Биыл «Жастар» театры кең сарайдай жаңа ғимаратқа қоныс тепті.

«Жастар» театрының ұжымы көптен күткен қуанышты күнге жетті. Еңбектің еленгені осы шығар,- дейді әртістер. Бұл жаз бойы күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай өзгерген бұрынғы Байсейітова атындағы опера-балет театрының ғимараты. Астанадағы "Жастар" театры құрылғалы бергі 9 жылда 6 рет ғимарат ауыстырған. Бар декорацияны сөмкеге салып, көшіп-қонып жүретін күндер енді келмеске кетті.

Нұрқанат Жақыпбай, «Жастар» театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі:

Біз қуана-қуана жаз бойы осы театрдың айналасын тазалап, ремонт жасалды. Жақсы дыбыс жарық қойылды. Осы 1-3 күн бұрын ғана бәрі қойылып бітті. Бұл біздің үлкен жетістігіміз. Себебі біз бұны еңбегімізбен алдық, жәй бере салған жоқ. Біздің болашақта істейтініміз, өткенде істегенімізді ескеріп, берген болар.

Кезінде 14 адамнан құралған труппада қазір 40-тан астам адам жұмыс істейді. Сахна сыртында әдеттегідей қарбалас. Боянып-сыланып, Шекспирдің кейіпкерлерінің образына енген әртістер. Өнер ұжымы классикалық туындыларды, жастардың таным түсінігіне  жақын етіп сахналауға барын салады.

Бақыт Хаджыбаев, «Жастар» театрының әртісі:

«Асауға тұсау» спектаклімен ашылып жатқаны, бұл да былтыр Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған 22-ші республикалық театрлар фестивалінің бас жүлдесін иеленген спектакль. Жаңа қырынан классиканы ашқан, жаңа көзқараспен қойылған дүние.

9 жыл ішінде театр талай белестен көрінді. Республикалық, халықаралық додаларда жеті рет бас жүлдені олжалады. Қазір ұжымның репертуарында 30 спектакль бар. Қаңтарда «Қыз-жібек» мюзиклінің тұсауы кесілмек. Сондай-ақ, Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» драмасы да сахналанатын болады.


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ