×

Атырау бюджеті 2,5 млрд теңгеге қысқартылмақ

AstanaTV
07.12.2015ж. 20:00
1756
Атырау бюджеті 2,5 млрд теңгеге қысқартылмақ

Атырау облысы келер жылғы бюджеттен 2 жарым миллиард теңге үнемдемек. Бұл жаңа құрылыс салуға жоспарланған қаражат болатын. Осылайша, аймақта келер жылы бір де бір құрылыс жүргізілмейді.

Бұл туралы арнамызға сұхбат берген Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы айтты. Қысқартылған жобалардың қатарында тұрғын үй құрылысы, мәдениет үйлері мен спорт залдарының құрылысы бар. Алайда  басқарма басшысы Нұрғайша Әбежан әзірге облыстың бюджеті әлі нақтыланып, бектілген жоқ деп отыр. Республикадан бөлінетін қазына көлемі де белгісіз. Сондықтан тағы қандай жобаның тоқтайтынын нақты айту әлі ерте, дейді.

Нұрғайша Абежан, Атырау облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының  басшысы:

Жаңадан салынатын нысандар құрылысын кейінге ығыстырып жатырмыз. Олардың ішінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, спорт, мәдениет нысандарын салу, жаңадан басталатын тұрғын үй құрылыстарын салуды ығыстырып жатырмыз. Шамамен екі миллиард жарымдай ақша қысқартамыз жергілікті бюджеттен.

Қысқаруға ілікпеген жалғыз жоба - апатты  2 мектептің құрылысы. Басқарма басшысы әлеуметтік қолдау мақсатындағы шығындардың да сақталатынын жеткізді. Сондай-ақ басталған жобаларды аяқтауға басымдық берілмек.

Нұрғайша Абежанның айтуынша, өңірде мұнай өндіру көлемі азаймаған. Бірақ қара алтынның құнсыздануына байланысты Ұлттық қорға аударылатын қаржы бірден екі есеге азайыпты. Мәселен, өткен жылы  Ұлттық қор қазынасына 1 трлн 553 млрд теңге аударылса, биыл 840 млрд теңге ғана жіберілген. Бұл - облыс бюджетіне еш әсерін тигізбейді, өйткені Ұлттық қорға мұнай саласы түсімдері ғана есептеледі, деп түсіндірді шенеуніктер.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ