Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Түркияда жеміс-жидек бағасы 50 пайызға түсіп кетті

AstanaTV
07.12.2015ж. 20:00
2154
Түркияда жеміс-жидек бағасы 50 пайызға түсіп кетті

Түріктердің жүздеген жүк көліктері де кеденнен аса алмай тұр. Ресей салған санкциядан соң 250 кәсіпкер көкөніс пен жемістерін экспорттай алмай қалды. Ресми мәліметке сүйенсек, Анадолы елінен Ресейге тәулігіне 300 тонна өнім жөнелтіліп келген. Санкция салдарынан Түркияда көкөніс пен жеміс бағасы да күрт арзандады. Елдің сыртқы істер министрі Ресейге шектеулерді алып тастауды ұсынып, ол екі ел экономикасына да зиянын тигізетінін мәлімдеді. Екі ортада шығынға батқан шаруалармен тілшіміз тілдесіп келді.

Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын түрік кәсіпкерлерінің айтуынша, Түркияда жеміс-жидек бағасы 40-50 пайызға дейін арзандап кеткен. Мәселен...

Анар қаншадан? 1.5 лира. Өткен аптадағы бағасы ше? 2.5лира. Яғни дәл қазір мына анардың бағасы 160-170 теңге. Ал өткен аптада 240 теңгенің төңірегінде болғанын айтады.

Кәсіпкер Аламеттин Чичек бұған дейін Мерсин, Анталия және Адананың жемісін тікелей Ресейге жіберіп отырған. Енді ел ішінде өткізе алмай әлек.

Аламеттин Чичек, кәсіпкер:

Мәселен, ішкі нарықта күніне ең азы бір тонна мандарин сатылатын. Қазір ол да жоқ. Себебі мен секілді өз өнімін құртып алмайын деп саудалап жүргендер көп.

Түркияның бірнеше елге экпортталатын көкөнісі мен кептірілген жеміс-жидегінің 40 пайызы Ресейге тиесілі болған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, аталған елге жылына 500 мың тонна өнім жіберіліп келген. Кремльдегілер түрік тауарынан бас тартқалы, 400-ден аса жүк көлігі Түркияның Самсун қаласы маңындағы кеден бекетінен әрі аса алмай тұр.

Синан Муса, көлік жүргізушісі:

Жатқанымызға төрт күн болды. Көлігімізде шамамен 20 мың доллардың өнімі бар. Барлығы ұзаққа шыдамайтын: апельсин, банан және анар. Не істерімізді де білмейміз. Теңізге төгуден басқа амал қалмады. Фирмамыздағыларға хабарлассақ, олар да ештеңе айта алмай отыр.

Ауыл шаруашылық өнімдері қауымдастығының мәліметінше, Ресейге сатылмай, қоймада қалған өнімнің бір күндік шығыны 300 мың долларды құрайды. Адана, Анталия, Мугла секілді бірнеше облыстағы халықтың негізгі кәсібі анар, апельсин сынды жеміс түрлері. Олар тау болып үйілген тауарымыз ысырап болып қала ма деп алаңдайды. Сарапшылардың да болжамы көңілге қонымсыз.

Рамазан Солак, экономикалық сарапшы:

Мұнда үлкен нарықтың жабылуы алдымен біз үшін тиімсіз. Егер басқа елдерден базар іздейміз десе, ол мүмкін емес. Біріншіден, дәл Ресей секілді теңіз арқылы бір тәулік ішінде тасымалданатын көрші мемлекет жоқ. Екіншіден, Ресейдегідей 150-160 миллион халқы бар үлкен нарық таппайсыз. Қазақстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерге апарғанның өзінде халық саны аз, әрі жолдың шығынын ақтамайтыны анық.

Шаруалардың бар үміті үкіметте. Биліктегілер басқа нарық табамыз деп уәде берген еді.

Самат СҮЛЕЙ