$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Қазақстан Ауғанстанға астық, қару-жарақ пен құрылыс материалдарын жеткізіп береді

AstanaTV
20.11.2015ж. 20:00
1418
Қазақстан Ауғанстанға астық, қару-жарақ пен құрылыс материалдарын жеткізіп береді

«Тұрақты, гүлденген әрі табысты мемлекет құрдыңыздар». Қазақстанға ресми сапармен келген Ауғанстан басшысы Елбасыға осындай лебізін білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде бұл сапардың екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа дәрежеге көтеретінін айрықша атады. Биыл Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тоннадан астам бидай тасымалдайтын болады. Ислам республикасына қару-жарақ жеткізу жөнінде де уағдаластық жасалды. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Ауған басшысы Мохаммед Ашраф Ғанидың Ақордаға алғаш келуі. Былтыр қыркүйекте президент болып сайланған ол - Хамид Карзайдың ізбасары. Бірақ имиджі басқа. Ислам республикалары басшыларына тән емес. Костюм киген. Ғани АҚШ-тағы бірнеше жоғары оқу орындарында тәлім алған. Ауған президентін қарсы алу бар сән-салтанатымен өтті. Соңғы отыз жылда соғыстан көз ашпаған елдің экономикасы құлдырап кеткен. Жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда - 800 доллар. Ал Қазақстанмен сауда-саттығы 400 млн долларға да жетпейді. Қиын-қыстау кезде тынышы кеткен елге қол ұшын созудан қашпаймыз,- деді біздің Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы жылдар ішінде ауған елінің қиын-қыстау жағдайына байланысты Қазақстан әр уақытта да бауырлық көмегін көрсетіп отырды. Біз осы кезең ішінде 20 млн долларға жуық гуманитарлық көмек көрсеттік. 2 млн долларды Ауғанстанға құқық қорғау органдарын нығайту үшін бердік.

Сапар барысында алыс-берісті арттыру үшін, бірқатар келісімдер жасалды. Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тоннадай бидай бермек. Құрылыс материалдарын жеткізіп, теміржол тартып, локомотив-вагондар сатады. Қойнауы қазынаға толы, бірақ барлауы қиын Ауғанстан жерінде геологиялық зерттеу жүргізу жөнінде де келісім бар. Алайда, отандық сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Өйткені радикалдар аймаққа Қытай ғалымдарын да жолатпай отырған көрінеді.

Александр Князев, саясаттанушы:

2007 жылы Қытай компаниясы Ауғанстанда тендер ұтып алған. "Айнақ" деген ірі кен орнын зерттеуге. Бірақ әлі жұмысқа кірісе алмай отыр. Өйткені қақтығыстар тоқтайтын түрі жоқ. Сондай-ақ, Қытай "Ұлы жібек жолы" бағытында салып жатқан Иранмен байланыстыратын жол құрылысын да тоқтатты. Келісімге қол қойған бетте, транзиттік дәліз өтетін аймақта тәртіпсіздіктер басталып, содырлар пайда болды.

Айтпақшы, Қазақстан бұдан бұрын ауған жастарына жоғары білім беру үшін қомақты қаржы бөлген. Қазан айында Алматыда аударыла жаздаған трамвайды ауғандық студент құтқарып қалған. Бұл оқиға  Ашраф Ғаниды бей-жай қалдырған жоқ.

Мохаммед Ашраф Ғани, Ауғанстан Ислам Республикасының президенті:

Трамвай жолдан шығып, оны ауған студенті тоқтатқан оқиға бізді де толқытты. Бұл бір ғанибет. Біздің өзара қарым-қатынасымыз да осылайша дами түсуі тиіс.

Келіссөздер барысында Орталық Азия елдеріндегі ахуал, Ауғанстанның ішіндегі жағдай, арнайы органдар бірлесіп лаңкестікке қарсы қандай шаралар атқаруы керек деген мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ