АҚШ-та
соңғы «супер сәрсенбіге» әзірлік басталды. Осы күні демократиялық және республикалық партиялардың шешуші дауыс беру праймериздері өтпек. Дода
Калифорния, Нью-Джерси, Монтана, Нью-Мексико, Оңтүстік және Солтүстік Дакотада
өтеді. Президент орынтағына қос партиядан Хиллари Клинтон мен Дональд Трамп
үміткер екені белгілі. Мінберлерден сөйлеп жүрген екі саясаткер бір-бірін түтіп
жеуге әзір.
Дональд
Трамп, АҚШ президенттігіне үміткер:
Менің
ойымша, Хиллари Клинтон біліксіз. Оның елді басқаруға қауқары жоқ. Оған қоса
Клинтон ашкөз, қанағатсыз. Сондықтан президент болғысы келеді. Істеріне
қарасаңыз, әр бастамасы сәтсіздікпен аяқталып жатады. Төрткүл дүние Клинтонның
әрекеттеріне, Обаманың қылықтарына тойды.
Хиллари
Клинтон, АҚШ президенттігіне үміткер:
Трамп
- қауіпті адам, ол ядролық соғысты ғана көксейді. Босқындардың, мұсылмандардың,
мүмкіндігі шектеулі жандардың намысын таптау оған түк емес.
Сарапшылар
экс-мемлекеттік хатшыны қолдайтын секілді. Олардың пікірінше, Трамп билік басына
келсе, сауда соғысын ашады. Айта өтейік, АҚШ-тың қазіргі тауар айналымы көңіл
көншітпейді. Құрама Штаттардың Қазақстанмен арадағы сауда қарым-қатынасы, 2014
жылмен салыстырғанда, 22% құлдыраған. Сарапшылар, Трамп президент болса, жақын
серіктестерімен де ынтымақтастыққа сызат түседі, деп топшылайды.
Ләйлә
ҚАЗИАҚПАРОВА