Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Көкпектідегі су тасқынына кінәлілерге қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
20.11.2015ж. 20:00
719
Көкпектідегі су тасқынына кінәлілерге қатысты сот отырысы басталды

Қарағанды облысы Көкпекті ауылында болған су тасқынына қатысты сот отырысы басталды. Айыпталушы орындығында бір кәсіпкер мен екі шенеунік. Алғашқы отырысқа келушілер қарасы қалың. Сот залында оқылған деректерге қарағанда, Көкпекті су қоймасының бұзылуынан зардап шеккен 350 адамның 280-і өтемақы талап етіп, арызданған. Елге моральдық және материалдық шығынды Көкпектінің экс-әкімі Бақытжан Смаилов пен төтенше жағдай бөлімінің бұрынғы бастығы Ринат Жантүлеков және «Табиғат ХХІ» фирмасының құрылтайшысы Владимир Крючков өтеуі тиіс. Тергеу орындарының пайымы осылай. Оларға Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабымен айып тағылған. Сот дерегіне сүйенсек, Крючков тоғанды құжатсыз пайдаланып, бөгеттегі қақпаны дер кезінде ашпаған. Ал құзырлы орындар апаттың алдын алуға әрекеттенбеген, халықты құлақтандырмаған. Екі шенеунік пен кәсіпкер кінәсын мойындамады.

Бақытжан Смаилов, айыпталушы:

Селге қарсы шаралар сапалы өтті. Халыққа дер кезінде хабарладық. Айыптаулардың ешқайсымен келіспеймін. Бұл менің міндеттеріме кірмейді.

Нина Иванова, жапа шегуші:

Өтемақыны бізге кім төлейді? Су қойма қожайыны қойманы жалға берсе, оның келісімшарты бар ғой. Яғни ол жалға алушы үшін жауапты. Екеуінен де сұраныс болу керек.

Еске салсақ, 2014 жылы наурызда Көкпектіде су бөгеті бұзылып, 3 жүзден астам баспананы шайып кеткен еді. Апаттан 5 адам қаза тапты. Қаншама мал қырылған болатын. Су тасқынынан кейін апатты жағдайға жеткен 49 үй жаңадан салынды. Қалған 273 отбасы баспанасын елден жиналған қаражатқа өздері жөндеп алуы тиіс еді. Алайда, материалдық көмек мәселені толық шешкен жоқ. Көкпектіде әлі күнге дейін үйін жөндей алмай отырғандар баршылық. Олар 1 млрд 400 млн теңге талап етіп отыр. 

Айжан ҚУАШ