Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жобасы қайта қолға алынды

AstanaTV
07.06.2016ж. 20:00
1563
Қызылжарда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жобасы қайта қолға алынды

Қызылжарда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жобасы қайтадан қолға алынды. Өңір кәсіпкерлері тұрғын үй аулаларында қағаз, пластик пен сынапты шамдарға арналған жаңа жәшіктер орнатуда. Қоқысты әр жәшікке бөліп тастау петропавлдықтарға таңсық емес. Қалада 2010 жылы еурожәшіктер орнатылған. Алайда ол жоба іске аспай қалды. Тұрғындардың тазалық мәдениеті артты ма?  Абзал Құрманкин анықтап көрді.

Қызылжарлық кәсіпкерлер бұл жобаны қайтадан қолға алу себебін түсіндірді. Олардың айтуынша, бүгінде нарықта полиэтиленге сұраныс жоғары. Қазіргі заманауи өнімдердің жартысына жуығы пластиктен жасалады. Сондықтан қоқысты тарқату жобасы тек экология жағынан емес, экономика тұрғысынан да тиімді болмақ.

Сәтсіз болған жобаны қайта жаңғыртқандардың бірі - Александр Кадочников. Қалтаны қағатын дайын шикізатты сатып алғанша, бос жатқан қалдықты кәдеге жаратқан дұрыс,- дейді ол. Кәсіпкер қала бойынша пластик бұйымдарға арналған 324 контейнер орнатқан. Қалдықтарды қайта өңдеп, болашақта синтепух материалын шығармақ.

Александр Кадочников, кәсіпкер:

Аулалардың 90 пайызы жаңа контейнерлермен қамтылған. Тұрғындар тың бастаманы жылы қабылдады. Енді қала маңындағы тынығу орындарына орнатамыз. Бірақ тұрақты мекен-жайы жоқ адамдар жәшіктерді сындырып кетеді.

Сынапты шамдарды жою мәселесі де шешілген сыңайлы. Қауіпті химиялық заттарды оқшаулаумен айналысатын «Промотход» серіктестігі 2 жылжымалы контейнер орнатқан. Жаңашылдықты алдымен Қарағандыда енгізіп көрген компания, экологиялық жоба сәтті жүзеге асқан соң, Петропавлға бет бұрды.

Тимур Сұлыбеков, «Промотход» серіктестігі филиалының басшысы:

Люминесцентті шамдар өте қауіпті. Оларды белгілі бір ережемен ғана жоюға болады. Қазір жергілікті билікпен ақылдасып, қалада 20 шақты контейнер орнатуды жоспарлап отырмыз.

Тұрғындар қоқыс тастауға қатысты тың ережелерді бірден меңгеру үшін билік өкілдері арнайы акция өткізген. Қоқысты жекелеп төккен кісілерге ынталандыру ретінде сыйлықтар тарту етілді. Шенеуніктердің пайымынша, халықтың тазалық мәдениеті арта түскен.

Азамат Бектасов, СҚО бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы:

Экологиялық тәрбие артып келеді. Ол осы акцияда байқалды. Халықтың көбі қалдықтарды жеке-жеке пакеттерге салып, әртүрлі қалдықтарға бөліп, контейнерге тастаған. Болашақта тұрғындар осыған қалыптасады деген үміттемін.

Ал Шымкентте қоқыс тастауға арналған пилотты жоба өзін өзі ақтамады. Нұрсәт шағын ауданында сыйымдылығы 5 текше метр болатын желім бөшкелер осыдан 4 жыл бұрын орнатылған-ды. Тазалыққа жауапты мекеме оларды Ресейден алдыртқан. Жобаны жүзеге асыруға 25 миллион теңге жұмсалды. Бірақ қоқыс сұрыптап тасталмағандықтан, алып контейнерлер жарамсыз күйге түсті. 

Ерубай Құралбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Тиісінше қажетті жоспарлау-жобалау актілері түзіліп, ол контейнерлерді бүгінгі таңда алып, орнынан алып, басқа жерлерге уақытша реттеуге, уақытша қоюға шешім қабылданып отыр.

Экология департаментінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында 577 қоқыс полигоны бар. Оның жартысына жуығы заңсыз. Құзырлы орган өкілдері олардың санын мейлінше қысқарту үстінде. Қоқыс алаңдарының азаюына қалдықты қайта өңдеу жобасы да мол септігін тигізеді, деген үміт бар.

А.ҚҰРМАНКИН А.ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ