Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Нұр Отан» партиясында сайлауалды тұғырнаманың бағыттары бойынша сараптық топтардың қызметіне арналған брифинг өтті

AstanaTV
24.11.2015ж. 20:00
1056
«Нұр Отан» партиясында сайлауалды тұғырнаманың бағыттары бойынша сараптық топтардың қызметіне арналған брифинг өтті

Биыл шілдеде жетім балалардың білім алуына арналған жинақтаушы салымдар акциясы өткізілген еді. Бүгінге дейін осы шараның арқасында 1057 салым ашылды. Яғни осынша жеткіншек білім нәрімен сусындайды. Бұл «Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасының бір тармағы ғана. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау, "Жұмыспен қамту Жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыру секілді көптеген маңызды бағыттар бойынша да жұмыстар жүріп жатыр.

Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығында өткен  брифингте айтылды. Басқосу сайлауалды тұғырнаманың бағыттары бойынша сараптық топтардың қызметіне арналған. Партияның орталық аппараты стратегия және мониторинг департаменті директоры Сәруар Кенжеболаттың айтуынша, сайлауалды тұғырнаманың бағыттары бойынша 15 партиялық тәлімгер қызмет етеді. Тәлімгерлік институты сайлауалды тұғырнаманың тиімділігін арттыру мақсатында енгізілген. Бүгінде аталған институт өзінің қажеттілігін дәлелдеді. Жетім және ата-ана қарауынсыз қалған балалардың баспанасының сақталуын қадағалау, мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңды әзірлеу секілді маңызды істер атқарылды. Партиялық тәлімгерлер жұмысы кіші және орта бизнес мүддесін қорғау, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру және  басқа да мәселелерге бағытталған. 

Сәруар Кенжеболат, «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты стратегия және мониторинг департаменті директоры:

3,5 жылда сайлауалды тұғырнаманың іске асырылу нәтижелерінде 70 пайыз көрсеткіштер сәтті орындалуда. Оның ішінде мерзімінен бұрын орындалған көрсеткіштер де бар. Инфляция, ұлттық қор активтері мен жұмыссыздық деңгейі күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүретін адамдардың үлесі, осы секілді маңызды экономикалық әлеуметтік көрсеткіштер бойынша Cайлауалды тұғырнаманың бағыттары мерзімінен бұрын орындалды деуге болады. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА