Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Кәсіпкерлер қаржылық тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр

AstanaTV
11.11.2015ж. 20:00
1320
Кәсіпкерлер қаржылық тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр

Теңгенің құнсыздануы жаңажылдық дайындыққа кедергі емес. Мейрамханалар отандық өнімдерді сатып алу арқылы тұтынушыларға арзан мәзір ұсынбақ. Ал биліктегілер бюджет қаржысын үнемдеп жатыр. Бірақ қаланы безендірушілер қызметіне сұраныс азайған. Тілшіміз Абзал Құрманкин кәсіпкерлердің тығырықтан қалай шығып жатқанын біліп қайтты.

Павлодар биыл қаланы безендіруге жұмсалатын қаржыны 20 млн теңгеге қысқартып отыр. Жаңа жылға әзірлікке былтыр өңір қазынасынан 60 млн теңге бөлінген еді. Сол кезде бақандай 38 миллионға сатып алынған шырша биыл да орнатылмақ. Ал Екібастұз әкімдігі аяз ата мен ақшақар және келер жылдың басты кейіпкері саналатын маймылды мемлекеттік сатып алуға байқау жариялап үлгерді. Құны 1 миллионнан асады.

Асқар Ғазизов, Павлодар қаласы  әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Бұлардан бөлек жаңа жылға лайықты түрлі бейнелер қойылатын болады. Олардың барлығы осы қаралған қаржы есебінен орнатылады. Бір сөзбен айтқанда, қала мерекеге лайықты әсем безендіріледі. Ал өткен жылы қолданылған шыршаны биыл тағы орнататын боламыз.

Қызылжарда да жаңа жылдық қарбалас бірте-бірте белең алып барады. Бірақ көшелер мен ғимараттарды безендірумен айналысатын мекеменің қызметіне сұраныс азайған. Сондықтан олар арзандатылған қызмет түрлерін ұсынып жатыр.

Елена Романова, дизайнер:

Біз былтыр безендірген мекемелермен биыл да айналысатын боламыз. Бірақ бұл жолы олар әшекейлердің басым бөлігін өздері жасамақшы. Кейбірі өткен жылғы декорацияны қалдырды. Бұл ақшаны үнемдеудің бір жолы ғой. Сондықтан біз өз қызметіміздің бағасын түсіріп, неғұрлым көбірек тапсырыстарды алуды жоспарлап отырмыз.

Ал мейрамханалар тығырықтан шығудың жолдарын тапқан. Енді мәзірдегі тағамдардың көбі отандық өнімдерден жасамақ. Осылайша, баға арзандатып, халық сұранысын ояқтпақ.

Дмитрий Шин, мейрамхана әкімшісі:

Қазір біз шетелден әкелінетін қымбат тамақтан бас тарта бастадық. Бірақ қымбат балықтарды айналып өте алмаймыз. Себебі Қазақстанда ондай тауарлар шығарылмайды. Дегенмен, ас мәзірі әжептәуір арзандады. Енді жаңа жыл қарсаңында корпоративтік кештер үздіксіз өтеді деген сенімдеміз.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қиын-қыстау заманда ақшаны әмиянда сақтап қалу үшін, дүйім жұрт былтыр қолданылған жаңа жылдық әшекей-бұйымдарды пайдаланбақ. Бейресми мәліметтерге сай, Қызылжардың орталық алаңына да былтыр қыруар қаржыға сатып алынған жарық диодты шырша орнатылады. Әзірге жергілікті билік өкілдері жаңа жылдық шығын көлемін нақтылаған жоқ. Бірақ ол да басқа аймақтардағадый әжептәуір қысқаруы мүмкін.

Абзал ҚҰРМАНКИН