Бағдаршам істен шыққан жолда
инспектордың қызметін атқарған көлік жүргізушісі айыппұл төлейтін болды.
Ғаламтор беттерінде «қала қаһарманы» атанып кеткен ақтөбелік жігіт жол
қиылысындағы көлік кептелісін реттегені үшін заң алдында жуапқа тартылмақ.
Оқиға осыдан 3 күн бұрын Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова мен Есет батыр
көшелерінің қиылысында болған. Бір қызығы, ысқырып, жол қозғалысын реттеген кісіге
барлық көлік жүргізушілері бағынған.
Ардагер Уайдин, Ақтөбе облысы
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Мемлекеттік функцияны атқаруға
құқығы жоқ бола тұра, өз бетінше жол кептелісін реттегені үшін қазіргі таңда
оған ҚР Әкімшілік кодексінің 615 бабына сәйкес айыппұл салынып отыр. Яғни бес
айлық көрсеткіш, немесе 9910 теңге көлемінде.
Ғаламтор қолданушылары ақтөбелік полицейлердің шешіміне наразы. Олар «қаһарманның» жазаға тартылмауын
талап етуде.
Бүгін Алматы көшелерінің
бірінде де қаршадай қыз жол кептелісін қолына журнал ұстап, реттеген еді. Бірақ
алматылық сақшылар ақтөбелік әріптестеріне қарағанда мейірімдірек болып шықты.
Сақшылар қыз қылығына алғыс айтқанымен, азаматтарды бұдан былай бұндай қадамға
бармауын сұрады. Ал куәгерлер «әуесқой реттеушінің» білігі полицейлерден түк
кем емес деп қалжыңдады. Оқиға орнына жол сақшылары жеткенше, кептеліс
алматылық қыздың арқасында арнасын тауып үлгерген.
Салтанат Әзірбек, Алматы
қалалық ІІД ресми өкілі:
Бірінші кезекте олардың өмірі
мен денсаулығына қауіпті. Екінші кезекте заңмен қолмен реттеу функциясы тек
полиция қызметкерлеріне ғана жүктелген. Реттегені үшін алғысымызды білдіреміз,
бірақ кейінгі кезекте ондай әрекеттерге баруға кеңес бермейміз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ