$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында жыл басынан бері 4700 өтініш қаралған

AstanaTV
12.11.2015ж. 20:00
1059
«Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында жыл басынан бері 4700 өтініш қаралған

«Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жыл басынан бері 4700-ге жуық тұрғын жүгінген. Көмек сұрай келген көпшіліктің 80 пайызына арнайы кеңес берілсе, қалған қалың бұқараның мәселесі оң шешімін тапқан.

Қаланың байырғы тұрғыны Валентина Устинова билік партиясына шексіз риза. Жалғызбасты ана таяуда қоғамдық қабылдауға жүгініпті. Ал нұротандықтар бірден қол ұшын созып, оған көмек көрсеткен. Жер үйде тұратын қарияға 3 тонна көмір, 5 куб ағаш түсіріп беріпті. Енді қыстан қысылмай шығатын болдым, - дейді зейнеткер.

Валентина Устинова:

Менің зейнетақым дәрі-дәрмек алудан артылмайды. Сондықтан ағаш-көмір алуға ақшам жоқ, қиналып отыр едім. «Нұр Отан» партиясы қол ұшын созды. Қазір үйім жылы. 

Қостанайлық Андрей Мироненко ауласындағы алып теректердің айналасына қауіп төндіріп тұрғанын айтады. Қатты дауыл соқса, көне ағаштар  көгілдір отынның құбырын қиратып, электр жарығының сымдарына зақым келтіруі мүмкін. Алайда, теректерді кесу үшін қалалық әкімдіктің рұқсаты мен арнайы техника қажет.

Андрей Мироненко:

Қыстың күндері жел қатты соғады. Сондықтан ағаштар құласа, айналасына зардабын тигізбек. Әсіресе, газ құбырына қауіп төндіріп тұр.

Қала тұрғыны бүгін қоғамдық қабылдауға келіп, облыс әкімінің орныбасарына өз өтінішін жеткізді. Таяу күндері алып теректер мәселесі шешімін табады деп сендірді аймақ атқамінері.

«Нұр Отан» партиясының тек Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері 1 мыңнан астам адамнан өтініш-шағымы қаралған. Партия тарапынан көмек сұрап келгендердің көбісі - тұрмысы төмен, көпбалалы  отбасылар, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар және жұмыссыздар көрінеді. Тұрғындар көтерген мәселелердің ауқымы кең. Біз қолдан келгенше қолдау көрсетіп, әр қайсысына жәрдемдесуге тырыстық, - дейді партия мүшелері.

Әлия Сапарова, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының  бірінші орынбасары:

Біз мемлекеттік органдармен, құқық қорғау органдарымен және мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе отырып, бізге келіп жатқан тұрғындардың, азаматтардың мәселесін шешуге, реттеуге тырысып жатамыз.

Өңірлік  филиал  өкілдері үстіміздегі жылы 2 мыңнан астам  қоғамдық қабылдау өткізіпті. Партия жұмысына маслихат депутаттарымен қатар барлық мекеме басшылары, әкімдер мен орынбасарлары қатысып, әрбір тұрғынның мәселесін ерекше қадағалауға алып, оңтайлы шешуге атсалысқан. 

Заңғар САНАЙ