Ертең
қант диабетімен күрес күні. Осыған орай қарағандылық ақ халаттылар орталық əмбебап
дүкеніне келіп, тұрғындардың денсаулығын тексерді. Эндокринологтар адамдардың
қанындағы қант құрамын анықтап, тегін кеңес берді.
Әдетте
медициналық тексеріске уақыт таппайтын жұрт, осы жерде қан сараптамасын
жасатып, қант мөлшерін тексертті. Мамандар келушілердің дене салмағын, қан жəне
көз ішіндегі қысым деңгейін де өлшеп берді. Қант диабеті және одан сақтану
жолдарын түсіндіріп, ақпарат парақшаларын таратты. Медицина мамандарының
айтуынша, мұндай дертке көбінесе тəтті жəне майлы тағамдарды мол
пайдаланатындар шалдығады. Соңғы жылдары ауру жасарып, өлім-жітім артқан. Өткен
жылы 208 мыңға жуық адам осы дертке шалдығыпты.
Гауһар
Зайтова, Қарағанды облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының
маманы:
Қант
диабеті ауруы жүрек-қан тамыр, ісік ауруларынан кейін үшінші орында. Өлімге,
мүгедектікке əкеліп соғады. Адам дене
салмағын тұрақты ұстап, дұрыс тамақтануы керек. Темекі шекпеу керек.
Айжан ҚУАШ