$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Шымкенттегі Мәртөбе ауылында тұрғындардың бас ауруына айналған қоқыс полигоны жабылды

AstanaTV
16.11.2015ж. 20:00
3162
Шымкенттегі Мәртөбе ауылында тұрғындардың бас ауруына айналған қоқыс полигоны жабылды

Шымкенттегі Мәртөбе ауылында тұрғындардың бас ауруына айналған қоқыс полигоны ақыры жабылды. Жергілікті азаматтардың шағымына орай біздің арна тілшілерінің араласуынан соң мәселе оң шешілді. Тұрғындар талап-арызын қараған сот оның жұмысын заңсыз деп тапқан. Қазір полигонға кірер жолдар арнайы бетонмен бекітілген. Сот орындаушылары да қоқыс төгетін орын тұрғын үйлерге тым жақын орналасқанын айтады. Санитарлық талапқа сәйкес ара қашықтық үш шақырымнан кем болмауы тиіс.

Мұхит Орынбаев, Қаратау аудандық сот орындаушылар бөлімі мемлекеттік сот орындаушысы:

Шымкент таза қала шаруашылығы құқық бұзып отыр. Оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Атап айтқанда, 198 200 теңге. Қазіргі таңда оларға ескертулер табысталып, төлеп, қазіргі таңда бізге түбіртегін әкеліп ұсынды. Енді қазіргі таңда бұлар санэпидстанция талабына сай еместігі бойынша жабылып отыр.

Бегалы Сапаралы, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы:

Қазіргі санитарлық қағидаларда санитарлық қорғау аймағы 3000 метрден кем емес болуы керек. Ал ол жерде санитарлық қорғау аймақтары - 300-400 метр. Сондықтан Мәртөбе полигоны ол санитарлық қорғау аймақтарын жасай алмайды. Ауылды көшірмесе, ол өзінің жұмысын қайтып бастауға құқылы емес.

Мәртөбе мен Таскен ауылы тұрғындары, ауыл ластанды деп, арнамызға шағымданған еді. Жағымсыз иістен тұншыққан олар  бірнеше рет рет наразылық білдірген. Жаз бойы шыбын-шіркей қаптап, атжалмандар көбейіп кеткенін де ашына жеткізген еді. Сол кезде шенеуніктер қараша айына дейін шыдай тұруын сұрап халықты сабырға шақырған.

Оразалы Кенжебеков, Мәртөбе ауылының тұрғыны:

«Астана» телеканалына әсіресе үлкен алғысымыз бар, бүкіл Мәртөбе халқынан. Неше рет біздің айтқан сөздерімізді құлақ асып, билікке жеткізген сіздердің телеканал «Астана», сіздерге үлкен рахмет.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ