$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Өскеменде көпқабатты үй тұрғындары «Нұр Отаннан» көмек сұрады

AstanaTV
08.06.2016ж. 20:00
1355
Өскеменде көпқабатты үй тұрғындары «Нұр Отаннан» көмек сұрады

Өскеменде 165 пәтерлік көп қабатты үй тұрғындары «Нұр Отан» партиясынан көмек сұрады. Бірнеше жылдан бері жұмысқа, мектепке немесе үйіне бару олар үшін мұң болған. Ағылған көліктердің арасынан өтуге мәжбүр жандар бірнеше рет жол апатына да түсті. Тұрғындар жол тар болғандықтан, ол жерге көліктердің жүруіне тиым салатын белгі қоюды сұраған. Бірақ олардың жан айқайын елеген ешкім болмапты. 2014 жылы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бюджеттен қаржы қаралады деп уәде еткен. Бірақ жыл сайынғы жауап «ақша жоқпен» шектелуде. Мың жарым адамның қолы қойылған шағым «Нұр Отан» партиясына жолданды.

Адамдар қоршаудың жанынан өткенде осылай тұруға мәжбүр. Әйтпесе көлік соғып кетуі мүмкін. Балалар жүгіріп жүр. Оқушылар осы көшемен мектепке барса, зейнеткерлер ауруханаға барады.

Партия өкілдері тұрғындар айтқан аумаққа келіп жағдайды көзбен көрді. Тас жолдың ені талап бойынша 4,5 метр болуы тиіс. Алайда бұл бөлікте ол 2 жарым метрден аспайды. Сондықтан адамдар жолдан өткенде қоршауға жабысып жүруге мәжбүр. «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалының өкілдері мәселені жуық арада шешуге уәде берді.

Майраш Екібасова, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Біз жағдайды өз көзімізбен көруді жөн санадық. Әкімшілік полиция өкілдері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығымен келіп тұрмыз. Нақты мерзім белгіленді. Және осы мәселе шешілмейінше, оны назарда ұстайтын боламыз. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ