«Оралдағы мектепте балалардың улануы мен
аспаздың сырқаттануы арасында ешбір байланыс жоқ». Батыс Қазақстан облыстық
денсаулық сақтау басқармасы сайтында осындай ақпарат жарияланды. Мекеменің
дерегінше, екі оқиғаның өту мерзімі жақын емес, яғни арада екі айдай уақыт өтіп
кеткен. Сондықтан балаларға сырқат
аспаздан жұққан болуы мүмкін деген дерек қате, деп көрсетілген ведомство
сайтында.
Айта кетейік, мектеп директорының орынбасары Жеңіс Шоңбаев білім
ошағы асханасындағы кіші аспаздан сальмонелла дерті табылғанын хабарлаған. Ол
мұндай деректің мектеп басшылығы жүргізген тексеру жұмыстары кезінде
анықталғанын айтты.
Жеңіс
Шоңбаев, Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 мектеп директорының
орынбасары:
Мектебіміздің
бір кіші аспазы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына қаралған және оған
сальмонелла деген диагноз қойылған. Мектептегі аспаздардан осы ауруларға
байланысты анализ алынған. Бірақ бұл жөнінде не мектептің медбикесіне немесе
мектеп директорына ауызша немесе жазбаша хабарлама түспеген. Ол анализді
аспаздар өздері алып, өздері сол басқармаға апарып тапсырған. Сол анализдің
қорытындысы да біздерге белгісіз.
Осыған
дейін хабарлағанымыздай, қазан айының соңында Оралдағы дарынды балалар
мектебінің 129 оқушысы аяқастынан ауруханаға түскен еді. Артынша балалардың жаппай улану дерегі бойынша
қылмыстық іс қозғалды. Арада біршама уақыт өткенде мектеп асханасының 22 қызметкері
де ауруханаға жатқызылған. Бүгінде аталған мектепте сабақ қайта жалғасты.
Еркін КАРИН