$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ақтау прокуратурасы жаңа жағажайдан бірнеше заңбұзушылықтар анықтады

AstanaTV
14.07.2015ж. 20:00
1274
Ақтау прокуратурасы жаңа жағажайдан бірнеше заңбұзушылықтар анықтады

Ақтау прокуратурасының хабарлауынша, жаңа жағажай құрылысын соғу кезінде бірнеше заңбұзушылықтарға жол берілген. Бір ай бұрын құрылыс басталған кезде-ақ жер иесіне жергілікті қарттар үйінен шағым түскен. Ұжымдық шағымда зейнеткерлер жағалауда бұрынғыдай серуендеп, шомыла алмайтындарын көрсеткен. Жағажай құрылысының қаншалықты заңды екенін анықтау үшін, құзырлы орыннан тексеруді талап еткен. 

Мәлік Оспанов, Ақтау қаласы прокуратурасы бірінші бөлім басшысы:

Тексеру кезінде тиісті тұлғаның теңіз ішінде тереңдету жұмыстарын жүргізгені анықталды. Сондай-ақ, ол жобасыз, әрі экология департаментінің келісімінсіз жасаған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының және суды қорғау инспекциясының да алдынан өтпеген.

Жер телімінің иесі болса, барлық қажетті құжаттар мен келісімдерім бар, тек Экология департаментінің рұқсаты жоқ деп отыр. «Сол үшін белгіленген айыппұлды төлеуге әзірміз», - дейді. Ал жобаға қатысты жағажай менен теңіз аумағында ешқандай күрделі жөндеу жүрмегенін айтады. Бар болғаны теңіз тереңдігіндегі тастар мен балшықтардан тазарттық және металдан жасалған жеңіл шатырлар орнаттық, - дейді жер қожайыны.

Еске салайық, біздің арна бұл жағажайға жақын жер теліміне қатысты дауды бірнеше жыл бұрын көрсеткен болатын. Ол кезде мұндағы кәріз құбырларынан ашық теңізге ағынды суларды төгу жайын сөз еткен едік. Алайда, қалдық су құятын құбырлар кімге тиесілі екенін сол күйі анықталмады. Ал, жаңа жағажай құрылысын жүргізушілер дау тудырған құбырларды әкімдікпен келісіп жауып тастапты. Сондықтан компанияға қарттар үйі тарапынан келіп түскен арыз-шағым негізсіз дейді.

Гюндуз Шайралиев, «CloverA.R.» ЖШС ресми өкілі:

Мен олардың жағалауға қалай шомылғандарын түсіне алмадым. Мүмкін, сондағы канализация қалдығы мен батпақты кешіп суға түсе берген шығар. Ол жерде тастар мен ластанған су ғана бар. Біз соны түбіне дейін тазарттық. Тек бұл шағын ғана жұмыс болды. Ал, ауқымды тазарту-бұрғылау жұмысына арнайы жоба қажет. Біз тек метр өлшемінен ары аспадық. Мақсатымыз - адамдар шомылатын жердегі суды ғана тазарту.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ