$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Қызылжарда көпқабатты үйдің тұрғындары кәріз суының иісінен тұншығып отыр

AstanaTV
20.07.2015ж. 20:00
1704
Қызылжарда көпқабатты үйдің тұрғындары кәріз суының иісінен тұншығып отыр

Қызылжарда көпқабатты үй тұрғындары мен жеке кәсіпкердің арасында дау туды. Сатпаев көшесіндегі 30-шы үй тұрғындары қолаңса иістен тұншығып отырғандарына ашулы. Ғимарат астындағы кәріз құбырлары бітеліп, баспанадан шыққан қалдық су жертөлеге жайылған. Бұқара келеңсіздікке көрші тұрған дүкенді кінәлап отыр. Тараптардың тартысын тілшіміз тындап қайтты. 

60 пәтерлі баспана тұрғындары, 5 жылдан бері жағымсыз иістен тынысымыз тарылды, дейді. Қолқаны қабатын қолаңса иіс, жертөледен шықанымен, пәтерлерде де сезіледі.

Александр Кочетков, ПИК төрағасы:

Жағымсыз иіс тіпті бесінші қабаттағы пәтерлерден де шығады. Кей тұрғындар шыдай алмай, өз саяжайларына көшіп кетті. Жертөле қысы-жазы судан құрғамайды. Қалалық сумен қамту кәсіпорны мамандарын аптасына 2 рет шақыртып отырамыз, келіп тазалап береді. Бірнеше күннен кейін мәселе қайта туындайды.

Людмила Носик:

Үйдің кіреберісіне жақындағанда-ақ, бет-аузымызды жауып кіреміз. Сасық иіс үйдің ішіне де жайылған.

Тұрғындардың айтуынша, мәселенің туындауына мына дүкеннен шығатын тұрмыстық қалдықтар себеп. Олардан шығатын майлы қалдықтар құбырларды бітеп тастаған. Қызылжар су кәсіпорны да бұл болжамды растап отыр. Ақауды жою үшін дүкен иелеріне бірнеше рет нұсқау да жіберіп көріпті. Бірақ түйткіл түйіні тарқар емес,- дейді аталған серіктестік өкілдері.

Азамат Асриев,«Қызылжар-су» ЖШС диспетчерлік қызмет бөлімінің бастығы:

Көктемде біз дүкенде тексеріс жұмыстарын жүргізіп, бөгет болатын майлы қалдықтардан қондырғыны жөндеу туралы нұсқау жібердік. Шамалыдан соң олқылық жойылды. Бірақ қазір бұл мәселе қайта туындап отыр. Біз әлгі нұсқауды қайта жібердік. Енді олар 10 күннің ішінде аталған қондырғыны жөндеуден өткізуі керек.

Дүкен қожайыны болса, май сорғыш қондырғыны да уақытында тазартып отыратынын айтты.

Әділжан Орымбаев, дүкен иесі:

Біз май сорғыш қондырғыны аптасына екі рет тазартып отырамыз. Сондай-ақ, ай сайын оны жөндеп отырамыз. Сондықтан, кәріз құдықтарының неге бітеліп қала беретінін, білмедім.

Бұл проблемадан жергілікті әкімдік те хабардар екен. Атқарушы орган өкілдерінің кәсіпкерлерге тісі батпағандықтан, олар мәселенің шешілуін аумақтық мекемелерден талап етіп отыр.

Балдырған Өмірсейітова, «Петропавл қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы» ММ басшысының міндетін атқарушы:

Әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімі қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне майды ұстап қалатын қондырғыға қатысты мәселені шешсін деген өтініш хатын жіберді. Біз тура барып, кәсіпкерлерге айыппұл сала алмаймыз. Ондай жағдайда бақылаушы органдар арқылы әрекет етеміз.

Бес жылдан бері жергілікті билік те, ПИК төрағасы да, дүкен қожайыны да жертөлеге жиналған олқылықтың себебін біле алмай жүр. Бұл мәселеге енді санитарлық мекеме өкілдері араласпақшы. Олар нақты себебін айтып, кем-кетіктің орны толғанша, тұрғындар сасық иіспен демалуға мәжбүр.

Абзал ҚҰРМАНКИН