×

Алматының «Алғабас» ықшам ауданында баспанасыз қалғандарға өтемақы төлене бастады

AstanaTV
09.06.2016ж. 20:00
1359
Алматының «Алғабас» ықшам ауданында баспанасыз қалғандарға өтемақы төлене бастады

Алматыда қисайып қалған көп қабатты үйдің тұрғындарына өтемақы төленетін болды. Оларға 6 айға пәтер жалдау құнына тең қаржылай көмек берілмек. Бір айға бір бөлмелі пәтер үшін 50 мың, екі бөлме үшін 60 мың, үш бөлмелі пәтер жалдап тұруға 70 мың теңге беріледі. Билік өкілдері алғашқы 10 отбасын пәтерлерге жайғастырды. Шығындарды «Астана Инвест» құрылыс компаниясы мойнына алады.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, үйсіз қалған тұрғындарды 1 желтоқсанға дейін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Сапасыз үй салған компания өз есебінен 72 пәтерлік үй тұрғызып беруге уәде етіп отыр. Қауіпті баспана жақын күндері толықтай сүріледі.

Бағдат Мәнізоров, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі:

Алты айға уақытша пәтерлер ұсынамыз. Осы ауданнан қазір 62 бос пәтер таптық. Ұнаса, келісімшарт жасап, сонда тұруына болады. Ал туыстарының үйінде тұрғысы келсе, сол пәтерақы қаржылай беріледі. 

Айта кетейік, 2 маусымда «Алғабас» ықшам ауданында 9 қабатты тұрғын үй қисайып кеткен болатын. Төтенше жағдай қызметі мен жергілікті әкімдік 200-ден астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйге 400 млн теңге қаражат жұмсалған.