$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Ақтөбе облысы 2017 жылы электр энергиясымен өзін толық қамтиды

AstanaTV
28.03.2016ж. 20:00
1455
Ақтөбе облысы 2017 жылы электр энергиясымен өзін толық қамтиды

2017 жылы Ақтөбе облысы электр энергиясымен өзін толық қамтамасыз ететін болады. Бүгінде жылу электр орталығында қосымша 50 мегаваттық цех жұмыс істеп тұр. Бұған 120 МВт қуаты бар Жаңажол газ өңдеу зауыты іске қосылмақ. Ал қалған 60 мегаватт дефицитті басқа жобалардың көмегімен жабу көзделген.

Бұл туралы дипломатиялық бизнес клубының отырысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев айтты. Аймаққа инвестициялар тарту үшін Ақтөбе облысының әкімдігі сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, 43 елдің дипломатиялық миссиясымен, инвесторлармен жүздесті. Жиында құны 1,2 млрд АҚШ валютасын құрайтын 11 жоба ұсынылды. Олар азық-түлік, көлік, тау-кен өндіру, химия, металлургия және қонақ үй бизнесі саласындағы ірі инвест жобалар.

Ал биыл одан өзге 104,7 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Шетел инвестициясымен цемент, никель зауыттары мен тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кәсіпорндары ашылмақ. Соңғы 5 жылда Ақтөбе өңіріне 12 миллиардтан астам АҚШ валютасы инвестиция ретінде тартылған. Ал шетелдік қаржыны тартуда аймақ ел көлемінде екінші орында.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Қазір енді бірден мынша млрд ақша тартылады деп айту мүмкін емес. Экономикалық дағдарыс кезінде біз барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Біздің өңір енді негізінен мұнай, газ, металл, ауыл шаруашылығы - осы салалардың барлығынан өзіміздің 40-тан астам жобамыз бар. Сол жобалармен бүгіннен бастап жұмыс басталады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ