×

Салық бойынша борышкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

AstanaTV
03.08.2015ж. 20:00
1455
Салық бойынша борышкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Кіріс көзі бола тұра, салықтық және әкімшілік қарыздарын өтемей жүрген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы журналистермен кездесуінде Астана қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Берік Адамов мәлімдеді.

Айтуынша,  бүгінде елордалықтардың мемлекеттік салық бойынша қарызы 900 миллион теңгеге жеткен. Ал төленбеген әкімшілік айыппұл сомасы 530 миллион теңгеден асады. Осы орайда прокуратура өкілдері тұрғындарды  қарыздарынан тезірек құтылуға шақырды.

Берік Адамов, Астана қалалық прокуратурасының басқарма бастығы:

Қаржылай кіріс көзі бар бола тұра, салықтық немесе әкімшілік қарыздарын өтемей жүрген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазір прокуратура осы жұмыспен айналысуда. Мемлекетке қарызы бар азаматтар тиесілі органдарға барып өз борышының көлемін анықтауы тиіс. Қарыздарын өтемеген жағдайда, олардың жеке мүлкін тәркілеп, есепшоттарын бұғаттап, шет мемлекеттерге шығу құқығынан айырамыз. Болмаса ол азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалады.

Сондай-ақ, прокуратура өкілдері көлік құралдарын мас күйінде пайдаланған жүргізушілерге  жаза қатаңдатылғанын еске салды. Құқық бұзушының жүргізуші куәлігі тәркіленіп, қоғамдық жұмыстарға тартылады. Мұнан бөлек салынатын айыппұл мөлшері де қомақты. Мәселен, елордада соңғы жарты жыл ішінде осы тектес құқық бұзушылықтардың 69 фактісі тіркеліп, мемлекет қазынасына 3 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл өндірілді. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, борышкерлерден қарызды өндіріп алу шаралары әлі де жүргізіліп жатыр.  

Руслан Әйтімов, Астана қаласы прокурорының көмекшісі:

Жылдың басынан бастап 69 факті тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 40-ы бойынша үкімдер шығарылып отыр. Бір адам бойынша іздеу жарияланды. Аталған факті бойынша қазіргі бюджетке өндірілген үш миллион екі жүз қырық мың теңге қаражат өндірілген.