Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Шымкенттің төңірегіндегі су қоймалары мен су айдыны апатты жағдайда

AstanaTV
03.08.2015ж. 20:00
5577
Шымкенттің төңірегіндегі су қоймалары мен су айдыны апатты жағдайда

Шымкенттің төңірегіндегі  су қоймалары  апатты жағдайда тұр. Төтенше жағдай қызметінің мамандары осылай деп дабыл қағуда. Бірнеше су қоймасы қаланың қарамағына енген Төлеби ауданы аумағында орналасқан. Ауыл шаруашылық мақсатта қолданылатын суды жинауға арналған «Текесу» су қоймасы өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған.

Дәл қазір  су көлемі соншалықты көп емес, бірақ апаттың айтып келмейтіні белгілі. "Толассыз жауын жауса, бөгетті бұзып кетуі әбден мүмкін", - дейді төтеншеліктер. Олардың айтуынша, күрделі жөндеуден өткізілген су айдынында бетон бөгеттердің құрылысы толық аяқталмаған. Мердігер компания 70 метрдей аумақты қалдырып кеткен. Сапасы да көңіл көншітпейтін көрінеді. Апатты ахуал туындай қалса,  жеті шақырым жерде орналасқан мыңға жуық тұрғыны бар Текесу ауылын топан су басуы мүмкін.

Ерік Сарыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары:

Апатты сброс дейміз, авариялық суды алып кететін каналдың жағдайы да қазіргі таңда мәз емес. Оның жаны су айдының бір шетіне орналасқан. Және су айдынының  шеті ернеулерінің бетондалмауына байланысты ернеулерінің құлауына алып кеп соғып отыр. Және құлаған топырақтардың,  тастардың жиналып қалуынан қазіргі таңда сол сброс каналдың аузына да су бармай, плотинаны бұзатын қаупі бар. 

Сиымдылығы 4,6 миллион  текше метр болатын  «Тоғыс» су қоймасына да күрделі жөндеу  қажет. Мұндағы  шлюздер істен шыққан, автоматты қондырғылар қазір жарамсыз,- дейді Ерік Сарыбаев. Қауіп туа қалса, осы маңдағы 7 мыңнан астам халық қоныстанған Елтай және Маятас елді мекендерінен бөлек Шымкенттегі шағын аудандарды да әбігерге салуы  ғажап емес.

Жауапты мамандар биылғы қыстың қатал болатынын болжап отыр. Сондықтан келесі жылдың көктеміне дейін су қоймаларында күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс. Бұл  жұмыстарға шамамен 11 млн теңгедей қаражат қажет көрінеді.