$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Астаналық кәсіпкер Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталды

AstanaTV
07.08.2015ж. 20:00
2151
Астаналық кәсіпкер Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталды

Бүгін Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловты соққыға жықты деп айыпталған кәсіпкер Қайрат Жамалиевке қатысты сот үкімі шықты. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады. Атышулы іске қатысы бар тағы екі сотталушы да ұзақ мерзімге қамалды. Сот үкімін естіген кәсіпкердің туыстары дау шығарды. Ал сотталғандардың адвокаттары шешімді заңға қайшы деп отыр. Төрт айға жуық уақытқа созылған сот процесінің соңғы отырысында тілшіміз Жұрағат Баман болып қайтты. 

Жұрағат Баман, тілші:

Әлеуметтік желілерде «Әлібидің ісі» деп аталып кеткен атышулы іске бүгін сот нүкте қойды. Еске салсақ, астаналық ірі кәсіпкер Қайрат Жамалиевке ҚК-тің үш бірдей бабы бойынша айып тағылған-ды. Олар "адам өміріне қауіп төндіру, аса ірі көлемде ақша бопсалау және сексуалдық зорлық-зомбылық көрсету" баптары. Бүгін Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған соты Жамалиевке 13 жылға үкім кесті.

Ербол Рахымбеков, Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты төрағасы:

Суд приговорил Жамалиева Қайрата Сартаевича признать виновным в совершении уголовных преступлении, предусмотренными статьями 126, часть 2, пункт 1.3, 121, часть 2, пункт 1, 194, часть 4, пункт 2 УК, и назначить наказание на основании статьи 58, части 1-ой, 3-ей УК по совокупности уголовных правонарушении путем частичного сложения наказания определить к отбытию 13 лет лишения свободы, с конфискацией всего ему принадлежащего имущества, с отбыванием наказания в исправительной колонии строгого режима. 

Кәсіпкер Қайрат Жамалиев жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды. Сонымен қатар, оның бар мүлкі тәркіленеді. Іске тікелей қатысы бар Арман Әбілтаев 12 жылға, Анатолий Прибытков 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі оқылған соң сотталушылардың туыстары эмоцияларын жасыра алмай, шу шығарды. Істің басты фигуранты Қайрат Жамалиевті қолдай келгендер тіпті журналистердің жұмысына кедергі жасап, телеоператорларға жұдырық ала жүгірді.

Жәбірленуші Әліби Жұмағұловтың адвокаты Анатолий Утбанов  сот үкімімен келісетінін мәлімдеді. Десе де,  журналистермен тілдесуді жөн көрмеген сыңайлы.

Айта кетейік, осыған дейін  прокурорлар Қайрат Жамалиевті 10 жылға, Әбілтаевті мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға, ал Прибытьковты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сотталушы Жамалиевтің авдокаттары болса, үкіммен келіспейтіндіктерін ашық білдіріп, адвокат Сәлімжан Мусин тағайындалған жазаның заңға қайшы екенін алға тартты.

Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловтың соққыға жығылуына байланысты атышулы сот процесі биыл сәуірде басталды. Жәбірленушінің әкесі Нұрлан Жұмағұлов әлеуметтік желіге ұлының суретін салып, оны  белгілі кәсіпкер Қайрат Жамалиев аяусыз ұрып-соқты деген ақпарат таратқан соң, бұл оқиға қоғамның назарын аударғаны есте.

Жұрағат БАМАН