Батыс
Қазақстан облысындағы Бөкей ордасы ауданының атқамінерлері мемлекеттен
берілген пәтерлерінің жалдау ақысын
бірнеше ай бойы төлемеген. Мемлекетке берешегі 700 мың теңгеден асқан
шенеуніктер арасында ішкі істер және
білім бөлімінің басшылары, тіпті аудан әкімінің орынбасары да бар екен. Бұл
жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаментінің
өкілдері мәлімдеді.
Арадағы келісімшартқа сәйкес жалға берілген пәтердің ақысы
бір ай төленбесе, сот арқылы мәжбүрлі
түрде өндірілуі тиіс. Алайда жауапты бөлімнің басшысы мұны елеусіз қалдырған.
Аудандағы тұрғын үй тапшылығын ескерген тәртіптік кеңес мүшелері, осындай
келеңсіздік облыстың өзге де аймақтарында кездесуі мүмкін екенін, тиісті
орындарға ескертті. Ал жауапсыздық танытқан басшы, сыбайлас жемқорлық туралы заң
талаптарын бұзғаны үшін, қызметіне лайық еместігі туралы ескерту алды.
Ерік Хайыров, Бөкей ордасы
ауданы ТҮКШ бөлімі басшысы:
Енді ана төлемеген үйлер, айттым
ғой, шын мәнісінде ауданның белді-белді интеллигенция азаматтары. Өзім, шынына
келгенде, негізі сотқа беруім керек еді, бірақ оларды төлейді деп үміттендім.
Бәрі де үлкен-үлкен лауазымда отырған азаматтар, қазір бәрі дерлік төлеп шықты. Бір
кісі қалды, соны сотқа берейін деп жатырмыз материалдарын. Сол менің кінәм,
айттым - мойындадым.
Еркін КАРИН