Оңтүстік
Қазақстан облысында кәсіпкерлерді
«қорғаймын» деп ақша бопсалаушы топтар
көбейіп барады. Кәсіпкерлер
палатасына биылдың өзінде осы мәселемен көмек сұрап арызданғандардың
саны он адамнан асады. Алаяқтарға алданғандардың бірі - шымкенттік Айнұр
Бесбаева.
Айнұр
Бесбаева, кәсіпкер:
Маған
алты әйел кісі келді. «Құқығыңыз
тапталған кезде, біз көмектесеміз сізге. Сіз бізбен тығыз байланыста болуыңыз
керек. Бұл әкімшіліктің бізге берген бұйрығы»,- деді. Сосын мен енді сендім,
былайша айтқанда. Сосын 6 мың теңгені төледім. Бірақ кейін ол кісілермен
хабарласқанымда, ешқандай телефон жауап бермеді.
Дүкен
қожайыны бұл топтың араға алты ай
салып қайта оралғанын айтады. Тек бұл
жолы өтірігі әшкере болғанын білісімен, сытылып кеткен. Осыған ұқсас тағы бір
топ «енді жағдайың қиын болады» деп
қорқытқан сыңайлы.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мұндай фактінің аудан-ауылдарда да жиілеп кеткенін айтады. Мәселен, мамыр- маусым айларында Кентау
қаласындағы оннан астам іскер азаматқа қысым жасалған. Тұтынушылар құқығын қорғау бөліміненбіз деп, азық-түлік дүкеніне келгендер тауарларды тексерген болып келісімшарт жасасуды
ұсынған. Бас тартқан дүкеншіге «тексерушілер
жібереміз, жұмыс істетпейміз» деп қорқытқан
көрінеді. Мұндай жағдай Сайрам мен Бәйдібек аудандарында да тіркелген. Палата
өкілдері жалған тексерушілерге алданып
қалмауды ескертіп, оларды анықтайтын мобильді топ құрылғанын хабарлады.
Тимур
Нахыпбеков, ОҚО
кәсіпкерлер палатасы әкімшілік кедергілерді азайту департаментінің жетекшісі:
Қандай да бір қоғамдық ұйымның
атынан, болмаса жеке заңды тұлғалардың атынан кәсіпкерлерге келіп мәжбүрлеу, өзінің қызметтерін ұсынуға
ешкімнің хақысы жоқ. Кәсіпкерлерге
белгілі бір ұйымдар келіп, мәжбүрлеу жасаса, қысым жасайтын болса, кәсіпкерлер
палатасына бірден хабарласуға болады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ