$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Елімізде азық түлік өнімдерін, өзге де түрлі тауарларды қаптауға қолданылатын кәдуілгі қапшықтар тапшы

AstanaTV
07.08.2015ж. 20:00
1545
Елімізде азық түлік өнімдерін, өзге де түрлі тауарларды қаптауға қолданылатын кәдуілгі қапшықтар тапшы

Елімізде азық түлік өнімдерін, өзге де түрлі тауарларды қаптауға қолданылатын кәдуілгі қапшықтар тапшы. Мәселен, Қазақстанның әлемге танымал жоғары сапалы ұнын дайын күйінде экспортқа шығару ісінде тап осы мәселе айтарлықтай қолбайлау болып тұрған сыңайлы.

Сала мамандары, Қытайдан шығатын сапасы төмен қаптар дайын өнімді ұзақ жолға тасымалдауға шыдас бермей жататынын, жасырмайды. Кәсіпкерлердің айтуынша, Қазақстанмен импорт алмастыру бағдарламасына қатысушы мемлекеттер тауардың сыртқы орамасына да жоғары талап қояды. 

Асқар Абдрахманов, кәсіпкер:

Сұраныс көп Қазақстанда. Ресейге де шығып жатырмыз, Түркімендерге, Кореяға шығып жатырмыз. Импортозамещение деген бағдарламаға тырысып жатырмыз. Мынадай биік сапалы қап Қазақстанда жетпей жатыр. 

Полипропиленді қапшық шығару ісін қолға алу бүгінде кезек күттірмейді. Астанада мемлекеттік «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында ашылған цехтың жұмысын бастағанына небәрі бір-ақ апта. Бүгінде отандық диірмендер мен құрылыс заттарын шығаратын компаниялардан ауқымды тапсырыс түсіпті. Шет елдік заманауи құрылғымен жабдықталған цех айына 1,5 млн дана қапшық шығаруға қауқарлы. Әзірге өндіріс орны қуаттылығының тек 50 пайызы мөлшерінде ғана жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлер тиісті көлемге жету үшін қап тоқуға қажетті шикізаттың тапшы боларын жасырмайды. Себебі полипропиленді шикізат күйінде шығаратын өңдеуші зауыттар өнімге деген ішкі сұранысты жаба алмай отыр.

Бұл мемлекеттік «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында  несиелік үстеме үшін субсидия алған шағын орта бизнестің бірі ғана. Жалпы аталған бағдарлама аясында «Даму» қоры арқылы  Қазақстандағы өңдеуші өнеркәсіп саласына 200 млрд теңге несие қаржы бөлінген. Қазір қаржылық агент арқылы 908 кәсіпкер 170 млрд теңгеден астам қолдау қаржыға ие болды. Соның арқасында еліміз бойынша 5260 жұмыс орны ашылған.

Исламбек Қайырбеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры:

Кәсіпкер бизнеске мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жайында толық ақпарат ала алады. Оның ішінде "Бизнесті қолдау 2020" бағдарламасы бар. Егер  бизнес жоспар жазу керек болса, біздің орталық оған да көмектесе алады. Құжат жинау, банкке дейінгі аралықтағы барлық жұмыстарда көмек көрсетеміз.