Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Футболдан Еуропа лигасында сынға түсіп жатқан Алматының «Қайрат» командасы плей-офф кезеңіне шықты

AstanaTV
07.08.2015ж. 20:00
1520
Футболдан Еуропа лигасында сынға түсіп жатқан Алматының «Қайрат» командасы плей-офф кезеңіне шықты

Футболдан Еуропа лигасында сынға түсіп жатқан Алматының «Қайрат» командасы плей-офф кезеңіне шықты. Іріктеу жарысының үшінші кезеңінде Шотландияның «Абердин» клубымен екі кездесу өткізген Владимир Вайсстың шәкірттері 3-2 есебімен басым түсті. Алғашқы ойында 2-1 есебімен үздік шыққан алматылық футболшылар Шотландияда өткен қарымта кездесуде 1-1 есебімен тең түсті.

Бірінші таймда есеп ашылмағанына қарамастан, үзілістен кейін сәтті шабуыл ұйымдастырған «Қайрат» командасы есеп ашты. Қорғаушылар қателігін ұрымтал пайдаланған Жерар Гоу командасын алға шығарды. Қарымта шабуылға шыққан «Абердин» футболшылары араға 25 минут салып, таразы басын теңестірді.

Әріптесінің айып алаңынан көтерген пасына бірінші жеткен Кенни Маклин әріптестерінің қошеметіне бөленді. Қалған уақытта алаң иелері есепті еселеу үшін қанша тырысқанымен, қорғанысы сыр бермеген Владимир Вайсстың шәкірттері өздеріне керек есепті ұстап қалды. Сонымен екі ойын қорытындысы бойынша алматылық «Қайрат» клубы плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Самат ҚАНАҒАТОВ