Бүгіннен
бастап автобустарға арналған жолақтармен
жүрген көлік жүргізушілеріне әкімшілік
жаза қолданылады. Бұл Астанадағы Бөгенбай және Бауыржан Момышұлы даңғылдарындағы
қоғамдық көліктер үшін жасалған жолақтарға қатысты.
Айта кетейік,
Елордада 26 шілдеден бастап енгізілген «Bus Lane» жобасының пилоттық режим
негізіндегі мерзімі аяқталды. Осы аралықта автоәуесқойлар арасында ақпараттық
насихат жұмыстары жүргізілді. Сары жолақпен жолаушылар көлігінен өзге
арнайы қызмет өкілдеріне, яғни өрт сөндіру, жедел жәрдем және полиция
көліктеріне арнайы дабыл қосқан жағдайда қозғалуға рұқсат бар. Ал өзге көліктер қажетті мекеме, аула немесе тұраққа сары жолақтың үзік сызығы бар бөлігімен ғана
кіре алады. Сондай-ақ осы аталған сызық
арқылы оңға бұрылуға мүмкіндігі бар. Жекеменшік көліктердің жолдан жолаушы
мінгізуі немесе адамды түсіріп кетуі де осы тәртіппен жүргізіледі.
Бақытжан
Алтыбаев, Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар
жөніндегі аға инспекторы:
Әкімшілік
кодекстің 601-бабының бірінші бөлімі, оның айыппұл көлемі 5 есептік көрсеткіш
болып, 9910 теңге. Егер жүргізуші бір жылдың ішінде тағы екінші рет ұсталатын
болса, ондай айыппұл екі есеге көбейеді.
Арнайы
сары жолақ автобустардың қозғалыс кестесінен кешікпеуіне мүмкіндік
береді. Сондай-ақ жылдамдықты 20 пайызға арттыру үшін енгізілген. Бұл тың
бастама қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуы
тиіс, деген болжам бар. Жол сақшылары сондай-ақ
арнайы жолақтан себепсіз шығып кеткен автобустар да жазаға тартылатынын
айтты. Қала әкімдігі жыл соңына дейін дәл осындай сары жолақтарды Есілдің сол
жағалауындағы бірнеше көшелерде қолдануды жоспарлап отыр.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ