$519.58 €609.36 ₽6.63
×

Орал қаласы мен Деркөл ауылын жалғастыратын Шаған өзеніндегі көпір үш айға жөндеуге жабылды

AstanaTV
14.08.2015ж. 20:00
2173
Орал қаласы мен Деркөл ауылын жалғастыратын Шаған өзеніндегі көпір үш айға жөндеуге жабылды

Орал қаласы мен Деркөл ауылын жалғастыратын Шаған өзеніндегі көпір үш айға жөндеуге жабылды. Тамыз айынан қара күзге дейін созылатын жөндеу жұмыстарына 189 миллион теңге бөлінген. Бұл туралы Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мердігер мекеме өкілдерінің сөзінше, 1980 жылы салынған көпір сол кезден бері жібі түзу жөндеу көрмеген. Енді оның тіреу бағандары мен қоршаулары ауыстырылады. Жөндеу жұмыстарына байланысты осы өткелмен қатынайтын қоғамдық көліктердің де қозғалысы өзгерді. Тұрғындар қалаға айналма жолмен қатынайтын болады. Шаһарға жетуі қиындайтындықтан, ренішін білдірген тұрғындарға мердігерлер түсіністік танытуын сұрап отыр.

Идият Ильясов, мердігер компания өкілі:

Құрылыс талаптары бойынша мұндай нысанды жөндеуге 4 ай уақыт беріледі, бірақ біз бұл жұмыстарды үш айда, тіпті одан да ерте бітіреміз деп, жоспарлап отырмыз. Өкінішке орай, тұрғындар көпір үстімен өтуді жалғастыруда. Ал бұл - олардың өміріне қауіпті.

Айналма жолдан бас тартып, жол қысқартпақ болған тұрғындар қазір көпірмен жаяу өтуге мәжбүр. Өйткені көпірдегі көлік қозғалысы тоқтаған. Ал дәрігерлер өзеннің арғы бетінде қалған елді мекендердегі науқастар үшін қосымша жедел жәрдем бригадаларын ашыпты. Олар Деркөл тұрғындарына қызмет көрсетеді. 

Еркін КАРИН