Қостанайда қала күніне арналған
мерекелік шара тұрғындардың нанға таласуымен аяқталды. Шаһардың 136
жылдығына арнап орталықта "Нан көрмесі" ұйымдастырылған. Оған
"ас атасының" түр-түрі қаланған бес сатылы пирамида қойылған еді.
Алайда алаңнан қала әкімі ұзай бере, жиналғандар көздің жауын алатын
тоқаштардан өрілген "пирамидаға" тарпа бас салған.
Бұл
туралы жергілікті басылымдардың бірі ақпарат таратты. Астықты өлке тұрғындары
ұйымдастырушылардың ескертуіне құлақ аспаған. Арнайы қоршауды да пысқырмай, лап
қойған балалардан бастап ересектерге дейін тегіс нанды таласа-тармаса әкетіп
жатты. Ал кейбіреулер адамдардың оғаш қылығын телефондарына түсіріп алған.
Сөйтіп, айналдырған 10-15 минут ішінде "Нан пирамидасы" тып-типыл
босап қалды.
Бір қызығы, былтыр да Қостанайдың 135 жылдығына орай жасалған
"Шоколад мұнарасы" осылайша талан-таражға түскен еді.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ