Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Жаңа оқу жылында Қызылорда облысында 14 жаңа мектеп пен екі балабақша балаларды қабылдайтын болады

AstanaTV
17.08.2015ж. 20:00
1830
Жаңа оқу жылында Қызылорда облысында 14 жаңа мектеп пен екі балабақша балаларды қабылдайтын болады

Жаңа оқу жылында Қызылорда облысында жаңа мектептер мен балабақшалар саны артып отыр. Он төрт жаңа білім ошағы мен мектепке дейінгі екі мекеме бірінші қыркүйекте балаларды қабылдайды деп жоспарланған. Бір қуаныштысы, облыстағы бүлдіршіндердің барлығы балабақшамен қамтылатын болды. Білім беру саласындағы ерекше жетістіктермен қызылордалықтарды еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов құттықтады.

Шаған ауылында биыл алпысқа жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Десе де бүгін тек оқушылар ғана емес, бүкіл тұрғындар мектепке қарай асықты. Олар балаларының 900 орынға арналған үш қабатты су жаңа мектепте оқитынына барынша риза.

Тілек Аяпов, Шаған ауылының тұрғыны:

Балаларымыз 2-3 аусымда оқып, біраз әбігерге түскен. Еңді жаңа мектептің арқасында бір аусымда оқиды. Мен ризамын, халқым да, балалар да қуанып жатыр.

Аймақта бір күннің өзінде сегіз білім ошағы ашылса, бірінші қыркүйекте олардың қатары толығады деп күтіліп отыр. Жалпы бес мыңнан астам оқушы енді  жаңа мектептерде білім алмақ. Олардың барлығы заманауи құралдармен жабдықталған, қажетті оқулықтармен де толық қамтылып отыр. Ал бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге арнайы сыйлық - Президент жазған кітаптар. Оларды еліміздің бас ұстазы мен аймақ басшысы табыс етті.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Елбасымыздың саясатының арқасында жыл сайын жүзден астам жаңа мектеп ашылады. Апаттық жағдайдағы мектептерді жою үшін, үш аусымды мектептерді жою үшін, республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы бөлінетін болды.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Бірінші - үш аусымды мектеп мәселесі толығымен шешілді, облыста үш аусымды мектеп жоқ. Екінші - 2020 жылға дейін «Балапан» бағдарламасымен балабақшамен қамту туралы Елбасы тапсырмасын біз биыл 100 пайызға орындаймыз деп, көзіміз жетіп отыр. Үшінші, Елбасының  2020 жылға дейін  апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу бойынша тапсырмасы берілген. 2013 жылдың басында  осындай 25 мектеп болса, соның енді 14 салынды, енді 11 қалды. Оны 2016 жылдың аяғына дейін толық шешеміз деп жоспарлап отырмыз.

Мұнан өзге облыстағы жиырма екі білім ошағына Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасы енгізіледі. Айта кету керек, соңғы үш жылда білім саласын дамытуға аймақ қазынасынан қосымша отыз миллиард теңге бөлініп отыр.

Шарипа САҚТАПОВА 

Алдыңғы жаңалық