$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Оралда жөндеу жұмыстары кезінде төбесі ашық қалған көпқабатты үй тұрғындарын нөсер жаңбыр әуре-сарсаңға салды

AstanaTV
17.08.2015ж. 20:00
1660
Оралда жөндеу жұмыстары кезінде төбесі ашық қалған көпқабатты үй тұрғындарын нөсер жаңбыр әуре-сарсаңға салды

Оралда жөндеу жүріп жатқандықтан  төбесі ашық қалған көпқабатты үй тұрғындарын нөсер жаңбыр әуре-сарсаңға салды. Төбеден сорғалаған су қазір төменгі қабаттарға жайылуда. Ал үй иелері жаңбырдың кесірінен электр желілері зақымданып, баспанамыз өртеніп кете ме, деп қорқады.

Дүние-мүлкін уайымдаған тұрғындар бұл үйдің тұрғын үй шаруашылығын жетілдіру бағдарламасы бойынша жөндеуге алынғанын айтады. Құрылысшылар төбедегі ескі шатырды алып тастаған кезде, жаңбыр жауып, тұрғындардан маза қашқан.

Айгүл Рыспаева, Орал қаласының тұрғыны:

Таңертеңнен бері үйдің еденін құрғатып әлек болдық, жұмыс жайына қалды. Әйтпесе төменгі қабатқа өткен су көршілерді мазалайды. Жаз бойы жасаған жөндеуімнің бәрі босқа кетті. Енді не істерімді, кімнен көмек сұрарымды білмеймін.

Орал қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері үйдің төбесін жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталатынын айтады. Аумағы 1 100 шаршы метрді құрайтын төбе жабынын алмастыру үшін, 11 миллион теңге бөлінген. Бұл ақшаны тұрғындар айына 700 теңгеден 15 жыл бойы төлеуі тиіс. Ал үйдің шатыры ғимарат салынғалы бері жөндеу көрмепті. Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша Оралда 4 жылдың ішінде 60 үй күрделі жөндеуден өткен. Бірақ жаңғыртуды қажет ететін үйлер әлі де жетіп артылады, қазір олардың саны 200-ге жуық.

Валентина Мирошкина, мердігер мекеме директоры:

Арадағы келісім бойынша жөндеу жұмыстарына 10 тамызда кірістік. Бүгін тақтайын әкеліп, ертең төбені жабамыз. Әрі кетсе, бір жарым айда бітіреміз деп отырмыз.  Ал жаңбырға келер болсақ, бұл шатыр жөнделмеген кезде де төбеден су аққан, біздің кінәміз жоқ. 

Еркін КАРИН

Алдыңғы жаңалық