$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Ақтөбедегі «Великая стена» мұнай компаниясы 200-ден астам жұмысшысын қысқартпақ

AstanaTV
18.08.2015ж. 20:00
1320
Ақтөбедегі «Великая стена» мұнай компаниясы 200-ден астам жұмысшысын қысқартпақ

Ақтөбедегі «Великая стена» мұнай компаниясы 200-ден астам жұмысшысын қысқартпақ. Кәсіпорын басшылығы мұндай қадамға баруының себебін әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауымен байланыстырып отыр.

Осылайша, 218 адам алдағы 2 ай көлемінде жұмыссыздар қатарына қосылмақ. Олардың 15-і - Қытай азаматтары. Серіктестік директорының орынбасары Арман Камаловтың айтуынша, қысқартуға ұшырағандар тек өндірісте жұмыс істейтін азаматтар емес. Арасында кеңсе қызметкерлері де бар көрінеді. Бүгінгі таңда бұғылау қондырғыларының 24 пайызы жұмыс істеп тұр. Өзгелері жұмысын тоқтатқан. 2013 жылы аталған компанияға қарасты 55 ұңғыма болса, биыл оның тек 11-і ғана бар. Сондықтан мекемеде еңбек ететін 1 800-дей жұмысшыны толықтай жалақымен және өзге де төлемақылармен қамтамасыз етуге қауқарымыз жоқ, - дейді басшылық өкілі.

Арман Камалов, «Великая стена ҚҚБК» ЖШС бас директорының орынбасары:

1 августқа дейін біз жағдайымыздың келгеніне дейін төледік. Енді бүгінгі күні 6 бригада жұмыс жасап тұрғаннан кейін, әрі қарай қаржылық та, басқа да біздің мүмкіншілігіміз болмағандықтан, осындай әр түрлі шараларға, қысқарту мәселесіне келуге тура келді.

Келісімшартқа сәйкес жұмыстың тоқтауына компания себепкер болған жағдайда қызметкерлерге жалақысының 50 пайызы төленеді. Тамыз айына дейін «Великая стена» компаниясы осылай қаржы үнемдеп амалдаған көрінеді. Олар Еңбек кодексінің әрбір талабын бұлжытпай орындайтындығын айтты. Құзыретті мекеме өкілдері болса, шетелдік компанияның бұл уәжінің қаншалықты дұрыс немесе бұрыстығын тексеруге кірісті.

Бауыржан Оразаев, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

Жұмысшылардан арыз түсті. Сол арызды қазір біз прокуратура органдарына тіркеп, арыз бойынша қарап жатырмыз. Оның ішінде жаңағы ұжымдық шарттың және еңбек шарты бойынша сұрақтар көтерілген. Соларды қазір біздің инспекцияның өкілдері қарап жатыр.

Мансұр ЕСХОЖИН