Қырғызстаннан
келетін мал етіне санитарлық-ветеринарлық бақылау жүргізу ісі жалғаса береді.
Бұл туралы журналистерге Ауыл
шаруашылығы министрлігінің комитет
төрағасы Сақташ Хасенов мәлімдеді.
Айтуынша,
отандық ветеринар мамандар көрші елде бірнеше рет тексеріс жүргізген.
Нәтижесінде қырғыздардың осы салада қауіпсіздік шараларын тиісті деңгейде
ұйымдастыра алмай отырғаны анықталды. Қырғызстанда аусыл індеті соңғы рет өткен
жылдың тамыз айында тіркелген. Ал Халықаралық эпизоотиялық бюроның нұсқаулығы
негізінде ветеринарлық тексерісті доғаруға, ауру фактісі анықталған соң екі жыл
өткеннен кейін ғана, рұқсат етіледі. «Осы себепті қазақ-қырғыз шекарасында
санитарлық-ветеринарлық бақылау жүргізу ісі бір жыл бойы жалғаса береді», - деді министрлік өкілі.
Сақташ
Хасенов, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:
Тиісті
талаптар бойынша тексерулер індет көзі толық жойылғаннан кейін, екі жылдан соң
тоқтатылады. Сондықтан экономикалық одақ елдері ішіндегі қырғызстандық
өнімдерге қатысты ветеринарлық тексеріс жүргізу ісі әзірге жалғасады. Тіпті бақылау
бұрынғыдан қатаңдатылады десек те болады.
Жұрағат БАМАН