Аптап
ыстық Шығыс Қазақстан облысының шаруаларын шаш-етектен шығынға батырды. Өңірде
егістік алқаптардың көпшілігі жарамсыз болып қалды. Көктем жаңбырлы болғанына
қарамастан, жаздағы айрықша ыстық ауа райы егінді қуратып жіберген. Ауа
температурасы бірнеше ауданда +45
градустан асып кетті.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы
Дүйсембай Селихановтың сөзінше, негізінен суғару жүйесі жоқ алқаптар зардап
шеккен көрінеді. Сондай-ақ, тұқымның мерзімінен кеш себілуі де әсерін тигізген.
Осылайша, уақытылы себілмеген дән аптап ыстыққа шыдай алмапты. Шенеуніктер
диқандардың өтемақы сұрауына негіз жоқ деп, ашығын айтты.
Дүйсембай
Селиханов, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Өтемақы оқыс жағдай болған
кезде беріледі. Яғни бұршақ жауып, егіс алқабын бүлдіргенде немесе өрт шыққан
кезде келген шығын өтеледі. Сондықтан субсидияға ауыз ашып, босқа үміттенгенше, жұмыс істеу керек. Дәнді
уақытылы сеуіп үлгіргендердің астығы бітік.
Шығысқазақстандық
шенеуніктердің сөзінше, өңірді астықпен толық қамтамасыз етуге болады. Мал
азығы да жеткілікті. Сондықтан мұндай аптап ыстықтан қорғану үшін, дән себу мен
ылғал үнемдеу ісінің жаңа технологияларын пайдалану керек, дейді
атқамінерлер. Қазір арнайы құрылған комиссия егістік алқаптарды тексеруде. Олар
егілген астықтың тұқымы мен сапасын, тыңайтқыштар мен заманауи озық
технологиялардың қаншалықты пайдаланылғанын тексеретін болады.
Базаргүл
НӘДІРҚЫЗЫ