Қазақстан бүгіннен бастап теңгенің нарықта еркін реттелу тәртібіне көшті.
Бұл туралы Үкімет сағаты барысында Премьер-министр Кәрім Мәсімов мәлімдеді.
Яғни ендігі жерде Ұлттық банк бекітіп отыратын «валюталық дәліз» ұғымы қолданыстан шығады.
Еске салсақ, өткен жылдың
ақпан айында соңғы рет теңге бағамына түзету енгізілген-ді. Ал осыдан бір ай
бұрын Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов валюта дәлізінің 198 теңгеге дейін
кеңейтілгені туралы хабарлаған. Бұдан былай теңгенің төлем-айырбас құны қор
биржасындағы күнделікті сауда-саттық нәтижесі бойынша түзелетін болды.
Толығырақ Азамат Алдоңғаров тарқатады.
Қазақстан экономикасы бүгін валюталық-несиелік саясаттағы кезекті батыл
қадамын жасады. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе отырып, нарықтағы төл теңгені
мемлекеттік реттеуден босатты. Енді ұлттық валюта бағамы еркін реттеліп
отыратын болады. Демек, бұдан былай теңгенің долларға шаққандағы құны Ұлттық
банк сынды қаржы орталығының ырқында емес. Бейнелеп айтқанда, қазақтың теңгесі
әлемдік нарыққа жекедара ойыншы ретінде еніп отыр. Енді "орнатылған бағам,
валюталық дәліз" деген ұғымдар келмеске кетеді.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
Жаңа экономикалық саясат бірінші кезекте экономикалық-әлеуметтік жағдайдың
тұрақты болуына, өндірісті, инвестициялық және несиелік белсенділікті
төмендетпеуге, жұмыссыздық пен халықтың әл-ауқатының төмендеуіне жол бермеуге
бағытталады. Үкіметтің экономиканың барлық салаларына қолдау көрсету құрылымдық
реформалар кешені - теңгенің еркін реттелу тәртібіне көшуді жеделдетуді талап
етеді.
Теңгенің айырбас бағамы нарықтағы сұранысты негізге ала отырып, ішкі және
сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере келе қалыптасады. Үкімет басшысының
сөзіне сүйенсек, әлемдік экономикадағы өзгерістер жағдайында жаңа экономикалық
саясатқа көшуден өзге жол жоқ. Бұл жаңа ақша-несие саясаты елдегі экономикалық
өсім мен баға тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін қажет.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
Теңгенің айырбас бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарап түзеледі.
Бағам валютаның құлдырауы мен күшеюіне қарай да қалыптасуы мүмкін. Біз нарықтық
бағамның қалыптасуына араласпаймыз, алайда қаржылық тұрақсыздық қаупі туындаған
жағдайда, ішкі нарықтағы валюталық интервенцияға араласу құқығын сақтап қаламыз.
Үкімет үйінде маңызды шешім қабылданған соң, ізінше Премьер-министр Кәрім
Мәсімов бастаған топ Орталық коммуникациялар қызметінде кеңейтілген брифинг
өткізді. Оның барысында төл теңгенің еркін айналымға жіберілуіндегі алғашқы
нәтижелерді Ұлттық банк төрағасының өзі жариялады.
Қор биржасының қозғалысын күнделікті бағып отыру теңгенің шетелдік
валюталарға шаққандағы айырбас құнын білгісі келген азаматтардың әдетіне
айналмақ. Ұлттық валюта бағамына ерік берудің бір ұтымды тұсы - ендігі жерде
барлық валюталық процесстер ашық алаңда жүреді. KASE-дегі таңертенгілік
сауда-саттықтан кейін теңгенің ресми бағамы бүгінгі сатылымда +2 теңге
айырмашылығымен 250,98 болып орнықты. Нарықтағы өзгерістерге қарамастан,
мемлекет халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сақтап қала бермек.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
Үкімет пен Ұлттық банк әлеуметтік аз қамтылған топтарды қолдау бойынша
шаралар қабылдайды. Бағаның негізсіз өсіміне, әсіресе әлеуметтік тауарлар мен
қызмет түрлерінің қымбаттауына жол берілмейді.
Қазақстанның қазынасы қара алтын саудасына тікелей байланысты екені
белгілі. Бұл ретте Үкімет мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай көлемде
төмендеуіне жол бермейді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан
Сағынтаевтың мәлімдеуінше, «Kazenergy» қауымдастығымен бірлесе отырып,
мұнай-газ өндіруші 57 компанияға тыңғылықты талдау жасалды. Оның қорытындысы
бойынша төмен рентабельді 39 компания іріктеліпті. «Оларға қатысты пайдалы
қазбаларды өндіру салығын төмендету жоспарланып отыр»,- деді бірінші вице-премьер.
Ұлттық банк төрағасы орта мерзімді келешекте инфляция 6-8 пайызды құрайтынын
мәлімдеді.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
Жалпы, біздің орта мерзімді жоспарымызға сәйкес, инфляция 6-8 пайыздық
дәлізде болады. Бірақ 2020 жылға дейінгі біздің мақсатымыз - инфляцияны 3-4
пайызға дейін төмендету.
Қымбатшылыққа жол бермеуден кейінгі маңызды шаралардың бірі -
макроэкономикалық саясатты тағы бір пысықтау болып отыр. Мемлекеттік бюджеттің
есебін де бір қарап шығу кезек күттірмейді. Ол үшін үкімет алдағы сенбі күні
Елбасы айтып өткен «интеллектуалды сенбілікке» жиналады.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
Мы долго к этому готовились. Мы к этому подошли. Всем
готовиться. Следующее заседание правительства в субботу в 10 часов.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ