Астанада
көшелерді «түнгі көбелектерден» тазарту
жалғасуда. Ішкі істер департаментінің өкілдері осы мақсатта күнделікті Елорда
көшелерінде рейдтік шаралар ұйымдастыруға көшті. Тәнін саудалайтындар жиі
тұратын аумақтарды тексеру барысында бірнеше сағаттың өзінде жүзден астам жеңіл
жүрісті қыздар ұсталды. Бірақ заң бойынша олар жазаланбайды, тек тіркеуге
алынып, бостандыққа жіберіледі. Есесіне тәнін саудалауға жағдай жасаған пәтер,
қонақ үй қожайындары мен жеңгетайларды жаза күтіп тұр.
Түнгі
сағат ондар шамасы. Бейбітшілік көшесінің бойында көзге оғаш көрінетін ешбір
құбылыс байқалмайды. Алайда, мына тұрақтағы көліктер бекер тұрған жоқ. Өздерін
такси жүргізушілеріміз деп таныстырған олардың көлігінде түнгі көбелектер толып
отыр. Бұл жеңіл жүрістілердің жаңадан
ойлап тапқан тәсілдерінің бірі болып шықты.
Келесі
кезекте теміржол вокзалының маңайы. Бұл жақтағы жағдай да алдыңғысына ұқсас.
Көшенің бойында тұрған автокөліктердің ішінде жезөкшелер жайғасыпты. Көптің көзіне түспеу үшін, түнгі көбелектер осылай
тығылып отырады екен. Ал оларға тапсырыс бергендерді сол маңдағы жеңгетайлар
шақыратын көрінеді.
Мынау
рейдтік шараның алғашқы сәтінде ұсталған қыздар. Түн ортасына дейін Сарыарқа
аудандық полиция бөліміне осындай үш-төрт автобус келіп тоқтады. Барлығында
тәнін саудалаған бөйжеткендер отыр. Алайда, ұсталған қыздардың кейбірі бізді шатасып ұстады дегенді де
айтты.
Жолда
тұрғам, жігітімді күтіп, содан бірден машинаға жүр-жүр деп, таксиға отырғам,
түк те ұқпадым. Иә, құжатым барлығы дұрыс, Қазақстанның азаматымын ғой. Паспортым
бар.
Рейд
барысында ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы тән саудасына жағдай жасаған 4
пәтер иесін және бір қонақ үйді анықтады. Енді оларға қомақты айыппұл салынуы
мүмкін. Десек те, заңның осалдығынан түнде құрықталған бикештердің тұлғасы
анықталғаннан кейін, жауапқа тартылмай, қайта жіберіледі.
Софья
Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Жеңіл
жүрісті қыздарға қазіргі уақытта ешқандайда қаралмаған жаза. Егерде олар
қоғамдық жерде адамдардың мазасын алып, өздерінің қызметтерін ұсынатын болса,
онда оларға қатысты 494-бап бойынша әкімшішлік жаза тартылып, олар 5 АЕК
айыппұл немесе 10 күнге қамауға алынуы тиіс.
Қалалық
Ішкі істер департаменті рейдтік шараларды әлі де жалғастыратынын жеткізді. Енді
жезөкшелермен қоса, олардың қызметін қолданған жігіттер де, оларға пәтерлерін
берген азаматтар да қатаң жазадан құтылмайды,
дейді полицейлер.
Берік ХАСЕНОВ