Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкентте Нұрсәт шағын ауданындағы тоғыз көпқабатты тұрғын үй әлі күнге дейін газ желісіне қосылмаған

AstanaTV
21.08.2015ж. 20:00
1858
Шымкентте Нұрсәт шағын ауданындағы тоғыз көпқабатты тұрғын үй әлі күнге дейін газ желісіне қосылмаған

Шымкентте  мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болған жүздеген отбасы 8 айдан бері көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Нұрсәт шағын ауданындағы тоғыз көпқабатты тұрғын үй әлі күнге дейін газ желісіне қосылмаған. Бұл баспаналарға негізінен жас отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетімдер қоныстанған екен. Пәтер кілтін олар осы жылдың қаңтар айында алған. Тұрғындар жарық пен судың өзі таяуда берілгенін айтады. Ас-суын электр энергиясының көмегімен әзірлеуге мәжбүр. Бірақ оны көпшілігінің қалтасы көтермейді.

Сәуле Мамбеталиева:

Баллон деген өте қорқынышты. Жарылып кетем бе деп қорқамын. Өзіммен қоймай, көршімді де қоса ала кетем. Одан кейін, егер мен баллонмен емес, тоқпен-ақ отыра қояйын десем, айына 10-15 мың теңге төлеймін. Менде ондай ақша жоқ.

Айдана Досалиева:

Мен қорқып отырамын күнде, баламды тастап кеткенде, плитадан тоқ ұрып қалмаса екен, аристоннан тоқ ұрып қалмаса екен деп. Күнді қорқынышпен өткіземіз. Қашан бізге  үкімет газ береді екен?!

Ал қалалық құрылыс бөліміндегілер  бұған дейінгі кедергі болып келген мәселе жуырда шешілді деп отыр. Яғни газ тарату қондырғысынан көгілдір отын алуға енді тосқауыл жоқ. Әзірге бұл үйлерге тұрғындардың тегіс қоныстанбауы кедергі болып отырған сыңайлы. Жауапты азаматтар егер азаматтардың сексен пайызы пәтерлеріне жайғасса, газ беруді бастаймыз, деп отыр.

Бақытжан Егізбаев, Шымкент қаласы құрылыс бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі:

Бүгінгі таңда мердігер тарапынан барлық жұмыстар атқарылып, тұрғын үйге дейін газ жүйесі келіп тұр. Сонымен қатар абоненттеу жұмыстары әр тұрғын «КазТрансГазАймақ» АҚ келісімшарт түзіп, тиісті қаржысын төлеуі қажет. Қаржысын төлеп, келісімшарт түзгеннен кейін есеп шот ашып, көгілдір газбен қамтамасыз етіледі. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ


Алдыңғы жаңалық