Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қызылордалық күрішшілер егінді жинаудың орнына инвесторлармен соттасуға мәжбүр

AstanaTV
25.08.2015ж. 20:00
3024
Қызылордалық күрішшілер егінді жинаудың орнына инвесторлармен соттасуға мәжбүр

Қызылордалық күрішшілер егінді жинаудың орнына инвесторлармен соттасуға мәжбүр. «Ақжарма» ауылының дихандары барлық дүние-мүлкімізден айрыламыз ба деп алаңдаулы. Айтуларынша, қырманы мен мал фермасы, машина-трактор жөндейтін станса мен шаруашылықтың кеңсесі өзгенің қолына өту қаупі бар. Осы себепті дәл егіс науқаны кезінде ауыл дихандарынан маза қашып отыр.

«Ақжарма-2» - бұл шаруашылықтың бүгінгі атауы. Ал 2000-шы жылдардың басында Ақжарма ауылына келген алпауыт инвестор шаруашылыққа «Ақжарма-Жер» деген атау береді. Сол кездегі қиыншылықты пайдалана отырып, ауыл тұрғындарына: қол ұшын береміз, шаруашылықты сақтап қаламыз, деп уәдені үйіп-төгіп, өз  билігін жүргізе бастайды.

Нұрсұлу Дүйсенова,  «Ақжарма-2» шаруашылығы кадр бөлімінің маманы:

2002 жылы келді ғой, ол кезде халық не істеп, не қойғанын, неге олай болып жатқанын да түсінген жоқ. Халықтың аңқаулығын пайдаланып, олар мүліктің барлығын өз аттарына аударып алды.

Жарқынбай Асылбекұлы,  Ақжарма ауылының тұрғыны:

Бұл кісілер тоқырау заманын пайдаланып, осындай қолдау көрсетеміз деп келіп, кіріп, әдепкі кезде жұмыс жасадық. Кейіннен еңбек ақы беру тоқтады.

Инвестор дала жұмыстарын қаржыландыруды да тоқтатады. Осының салдарынан 2011 жылы шаруашылықты басқарып отырған азамат Марат Алдабергенов келешек жиналатын астықтың есебінен деп, қарыз алып, күрішшілердің айлығын төлейді. Ауыл тұрғындары инвестордан бас тартып, дербес қожалық ашуға шешім қабылдап отыр.

Ерлан Спанов, «Ақжарма-2» шаруашылық басшысының орынбасары:

Инвестор болып тұрған Мадияр Алдоңғаров мырзаға үлкен ақсақалдарымыз, ел ағалары барып, ол кісімен келісіп, ол кісі күзде келіп, халықпен толық есеп айырысып, жеке қожалық болуына рұқсат беруіне уәде берген. Бірақ ол кісілір сол жылы егілген астықты, жиналған өнімді алып кетті. Сол жылы Үкіметтен бөлінген субсидияны да алды.

Сол кеткеннен инвестор-компания төбе көрсетпеді. Шаруашылық басшылары қайта қарызға батып, қала берген. Жер үлесінде пайы бар мыңнан астам азамат бірауыздан шешіп, ауылдағы тағы бір шаруашылыққа бірігіп, «Ақжарма-2» қожалығын құрады. Ал араға үш жыл салып, 2014 жылдың көктемгі егіс науқаны кезінде құрдымға кеткен инвестордан жайсыз хабар келеді.

Азамат Қожахметов, Ақжарма ауылының тұрғыны:

Алдоңғарова Мейрамкүл ауылға өз адамдарымен келіп, жиналыс жасаған. Қоғамдық кеңес өзің директор деп, тағайындап кеткен. Одан кейін жалған мөр жасап, сырттан құжаттар жасап, біздің дүние-мүлкімізді сыртымыздан  сатып жіберген.

Тұрғындар облыстық сотқа шағымданып, жалған жиналыстың хаттамасы мен мүлікті сату шешімі түгелдей күшін жойған. Десе де, күзгі егінді жинау науқаны кезінде дихандар қайта алаңдап отыр. Оларды енді Жоғары сотқа шақырып жатыр. Осылайша қызылордалық күрішшілер шаруашылықтың ертеңгі тағдырына алаңдаулы.

Шарипа САҚТАПОВА