«Төмен
байытылған уранды сақтау мен тасымалдау мүлде қауіпсіз». «Астана» арнасы
тілшісінің сұрағына жауап берген Энергетка министрі Владимир Школьник осылай
деді. Бүгін Қазақстан мен МАГАТЭ даулы жобаға айналған аз байытылған уран
банкін құру туралы келісімге келді. Құжатқа еліміздің Сыртқы істер министрі
Ерлан Ыдырысов пен МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Амано қол қойды.
Тараптар бір
шешімге келу үшін, 6 жылдай уақыт кетті. 2009 жылы ресми Астана аталған банкті құру туралы ниет білдірген.
Содан бері тынымсыз келіссөздер
жүргізілді, келісімшарттың әрбір тарауы пысықталды. Ядролық банк Қазақстанға
қандай пайда әкеледі? Тілші толықтырады.
Маңызды
сәт. 6 жыл бойы асықпай пысықталған құжатқа бүгін Астанада қол қойылды.
Тараптар енді серіктес ретінде жымиып, қол алысуға көшкен. Тарихи сәтке куә
болған залдағы қонақтар да ду қол шапалақтап жатыр.
Ерлан
Ыдырысов,
ҚР Сыртқы істер министрі:
Біз жаңа ғана әлемдік
деңгейдегі тарихи оқиғаға куә болдық. Өйткені банк құру - ол қауіпсіздіктің бірегей механизмі. Банк ,әлемдік нарықта уран ала алмаған жағдайда, МАГАТЭ-ге мүше елдерді төмен
байытылған уранмен қамтамасыз етуге кепілдік береді.
Атом
электр станциясы бар кез келген ел шикізат тапшылығын сезінсе, МАГАТЭ-га қолқа
салады, уран Қазақстандағы банктен сатылады. Ол Үлбі металлургиялық зауытының
базасында салынбақ. 2 жылдан кейін жұмысын бастайды деп жоспарланған банк
толығымен демеушілер қаражатына құрылады. АҚШ Мемлекеттік департаменті 49 млн
доллар бөлмек. Кувейт пен Біріккен Араб әмірліктері - 10 млн доллардан,
Еуроодақ - 25 млн еуро, Норвегия - 5 млн доллар беретін болды. 50 млн доллар
көлеміндегі қаржыны "Ядролық
қауіпті азайту халықаралық қоры" көтерді. Жиналған 150 млн доллар банк
құрып, оның жұмысын 10 жыл жүргізуге жеткілікті деп жоспарланып отыр.
Атом
агенттігінің жаңа банкке қатысты қолдауы түсінікті. Ондағылар бір елде ядролық
отын өндірудің толық циклі қауіпті деп санайды. Атом қаруын шығарудан
қорқақтайды. Мәселен, Ирандағы жағдай. Бүгінгі шешім Тегеранның алтылықпен жасасқан келісімімен қабыса кеткендей. Ислам республикасы қолда бар аз байытылған
ураннан құтылуы тиіс. Енді ол Шығыс Қазақстанған жіберілуі мүмкін.
Юкия
Амано, МАГАТЭ-нің бас директоры:
МАГАТЭ аз байытылған уранды
Ираннан жеткізу жолдарын қарастырып жатыр. Ол бойынша Иран кейін Қазақстандағы МАГАТЭ-нің төмен байытылған уранына қол
жеткізе алады. Бізде мемлекетаралық келісім бар. Біз жұмысты бастағанша, екі
жылда нақты келісімге келеміз.
Шенеуніктер
техникалық қауіпсіздік мәселесі жоғары деңгейде деп сендірді. Ерлан Ыдырысов
лаңкестерден қорқудың қажеті жоқ, - дейді. Ал энергетика министрі Владимир
Школьник, тасымалдау мен сақтау талаптары мінсіз, дегенді айтады.
Владимир
Школьник, ҚР Энергетика министрі:
Гексофтроид
МАГАТЭ-мен сертификатталған арнайы контейнермен тасымалданады. Оны дайындау
құқына әлемде 2-3 компания ғана ие. Қызмет ету мерзімі 80-100 жыл. Оларды
қолданардан бұрын түрлі сынақтан өткізеді. Яғни қандай апатты жағдай болса да, іштегі сұйықтық сыртқа шықпауы тиіс.
Сарапшылар бұл
жобаның бірден бір пайдасы елдің
иммиджін көтеру деп есептейді. Ал коммерциялық табыс жағы әлі ашық айтылмады.
Тек бір жылға ядролық отынды сақтауға 9 миллион доллар қажет екені ғана
белгілі. Ресейлік «Комерсанть» басылымы Астана бұл банктен біраз пайда көреді
деп жазуда.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ