Ақтөбеде
арнайы операция кезінде 4 лаңкестің көзі жойылды. Полицейлерге қарсылық көрсетіп оқ жаудырған
тағы бір адам оққа ұшты. Ол террористердің сыбайласы деген ақпар тарауда. Бұл
туралы мәліметті ҰҚК-нің ресми сайты жариялады. Жедел-іздестіру шаралары
нәтижесінде террористердің Некрасов көшесіндегі тұрғын үйдегі пәтерлердің
бірінде жасырынғаны анықталып, үй қоршауға алынған. Тәртіп сақшылары
лаңкестердің қаруды тастап, берілуін талап етеді. Алайда қылмыскерлер оған
мойынсұнбай, атыс басталды. Абырой болғанда, бейбіт тұрғындар мен күштік құрылым
қызметкерлері дін аман.
Бұл
кезде тұрғындар болмаған. Олар алдын ала қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Мясоедов
пен Арынов көшелерінің қиылысында патрульдік полиция көлігіне лаңкестердің
сыбайласы аңшы қаруынан оқ жаудырған. Екі полицей жеңіл жарақат алды. Оқ атқан
адам оқиға орнында көз жұмған. Кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, көзі
жойылған бесеудің аты-жөні бірден анықталған. Бұл жөнінде олар, Ұлттық
қауіпсіздік комитеті өкілдеріне сілтеме жасай отырып, хабар таратуда. Жергілікті
тұрғындар пәтердің жалдамалы екенін айтты. Атыс түнде басталды,-дейді олар.
Руслан:
Жаңа
ғана гранатаның жарылғанын естідім. «Отырар» орналасқан үйдің екінші қабатындағы
пәтерден 5 адам атысты. Сағат екіден бері қарсылық танытқан.
Амир:
Жарылысты
да, автоматтан атылған оқтың дауысын да естідім. Үй маңында көлік көп болды.
Жұмысқа айналып өттік. Мына қарсыдағы «Отырар» сауда үйі орналасқан үйден қою қара түтін шықты.
Лаңкестікпен
күрес жөніндегі арнайы штаб жұмысын жалғастыруда. Тәртіп сақшылары өзге
қылмыскерлерді құрықтау бойынша шараларды одан әрі жүргізе бермек. Қалада
террорлық қауіптің қызыл деңгейі әлі де сақталуда. Дегенмен мекемелерде жұмыс
қалыпты жүріп жатыр. Дүйім жұртты дүрліктірген лаңкестік әрекеттен жарақат
алған 16 адам әлі ауруханада жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің
баспасөз қызметі мәлімдеді. Қанды қырғынның алғашқы күні жеткізілген бір науқас
бүгін санитарлық авиация көмегімен Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді.
Мансұр ЕСҚОЖИН