$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Н.Назарбаев «Қазақстанда автократия» деп сырттан сынайтындарға жауап берді

AstanaTV
28.08.2015ж. 20:00
2119
Н.Назарбаев «Қазақстанда автократия» деп сырттан сынайтындарға жауап берді

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда автократия» деп сырттан сынайтындарға кеңінен жауап берді. Бүгін Астанада Ата заңымыздың 20 жылдығына орай «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» тақырыбында алқалы жиын өткен. Оған әлемнің 28 мемлекетінен құқық саласының майталмандары жиналды. Конституция 20 жыл ішінде қазақ қоғамына не сыйлады, мұны меймандарға Президент баяндап берді. Мөлдір Бақытқызы толықтырады.

«Кеңес одағы күйреп, одан бөлінген елдер дағдарысқа ұшыраған тұста, елді әрі қарай жетелейтін заң жоқ кезде, жаңа нарықтық экономикаға көшу алдындағы алмағайып тұста Ата заңымыз қабылданды», - деді Президент. Осы жылдар ішінде Қазақстанның экономикасы 20 есе, халықтың әл-ауқаты да соншама есе өскенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Конституцияның бір жылдығына арналған салтанатты жиында «Біз заң аясында өмір сүруге үйренуіміз керек» деп айтқанмын. Ата заңымызбен жүріп өткен 20 жылға көз сала отырып, бүгін біз заң аясында өмір сүретін елміз деп мақтанышпен айта аламыз.

Бірнеше ұлтты біріктіріп, ортақ шаңырағына айналған еліміздің терең тарихы бар. Таным-түсінігі ғасырлар бойы қалыптасқан, өзіндік діні, ділі бөлек Азияны жайлаған еркін елдің демократия сүрлеуіне өз жолымен түсетінін де Елбасы түсіндіре кетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен білемін, кейбір кездерде бізді автократияда сынап жатады. Автократия жөнінде қалайша айтуға болады, әрбір 4-5 жылда жалпыхалықтық дауыс беруде халық өзінің Президентін, Парламентін сайлайды, яғни еркін баламалы сайлауда таңдау жасайды. Бізге батыс елдері өмір сүріп жатқан демократия жолы бойынша жылдам жылжу керектігін айтып жатады. Біз осының барлығын түсінеміз. Демократия - адамзаттың дамуының жалпы даңғыл жолы, біз солай жылжып келеміз. Алайда біз азиялық қоғам екенімізді, сондай-ақ батысқа қарағанда, ерекше дәстүріміз бар екенін үнемі ескерудеміз.

Елімізде газет-жорналдар 11 тілде шығады, 6 тілде жұмыс істейтін театрлар бар, 200 этникалық мектепте өскелең буын білім алады. «Қазақстанды мекендеп жатқан барлық адам тең құқылы. Нағыз демократия деген осы, - деді, Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең бастысы, өшіп бара жатқан қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін өркендетіп, өрісін кеңейттік. Бұрын-соңды болмаған тілдің өрісі кеңінен жайылып, мектептеріміздің көпшілігінде, жоғары оқу орындарында сабақтар қазақ тілінде өтетін болды. Қазақ тілінде шығатын басылымдар мен кітаптар артып, тарихымызды тереңдету тұрғысында әлем елдерінде құнды деректерді жинап, тарихымызды орнына келтіруге мүмкіншілік алдық. Өз тілімізді, ділімізді, дінімізді өркендете отырып, біз басқаларды кемітпедік!

Осыдан біраз уақыт бұрын елдің атауына қатысты Президент ұсынған тың ұғым біздің құлаққа сіңісті бола бастаған. Енді «Ұлы дала елі» екенімізді 28 мемлекеттен келген қонақтар да естіп, білді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің білуімше, біз «Ұлы дала еліміз» деп саналуымыз керек. Кейбіреулер «аспан асты еліміз», дейді, кейбіреулер «күншығыс еліміз», дейді. Біз - ұлы даланың ұрпағымыз. Осы далада біздің ата-бабамыз даланы сақтап қалған. Қан төгіп, тер төгіп, сақтап қалған. Қазақстан мен «Ұлы дала елі» екеуі қатар жүрсе, дұрыс болады, деп ойлаймын.

Жиында Еуропадан және алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар сөз алды. Оның ішінде осыдан 25 жыл бұрын құрылған Венециялық кеңестің өкілі де бар. Қазақстан - ол ұйымға 2012 жылдан бері мүше. Оған 60 мемлекет пен жер бетіндегі 3 миллиардтай халық кіреді. Комиссия бізге Омбудсмен институтына, Кедендік одаққа қатысты заң жобасын әзірлеуге және судьялардың мәртебесіне байланысты заң жобаларын құрастыруда кеңес берген. Сол еуропалық ұйым өкілі ұсыныс айта келіпті.

Евгений Танчев, Еуропа кеңесі, Венециялық комиссияның вице-президенті:

Біздің комиссияның азаматтық қызметшілерді оқыту тәжірибесі мол. Орталық Еуропада 300 адамға тәлім бердік. Екі аптадан соң сол бағдарлама Орталық Азия елдерінде жүреді. Қазақстанға да өз азаматтық қызметкерлерін оқытуды ұсынамыз. Бұл демократиялық қоғамды одан әрі дамытуға сеп болады деп есептейміз.

Мерейтойлық конференция кешкісін мерекелік концертке ұласады.

Мөлдір БАҚЫТЫЗЫ