«Оңтүстіктің көркі». Шымкентте осындай атаумен
қолөнершілер мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі өтті. Байқау түрінде
ұйымдастырылған шараға отызға жуық қолөнерші қатысты. Ұлттық өнерімізді
дәріптейтін мыңға тарта бұйым қойылды.
Облыстық кәсіпкерлік,
индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы ұйытқы болған көрменің
басты мақсаты - аймақта ішкі туризмді дамытуға ықпал жасау. Оңтүстікке туристік
сапармен келушілердің қарасы көп. Соларға қазақтың өнерін, тұрмыс-тіршілігін
насихаттаудың бір жолы кәде сыйлар, - дейді ұйымдастырушылар. Көрменің бір
ерекшелігі, мұнда келушілер тұрмыста қолданылатын бұйымдардың жасалу
жолдарымен де жақын танысты. Ісмерлердің бірі кілем тоқып, енді бірі саз
балшықтан құмыра жасап көрсетуде. Қыш құмыралар мен саз балшықтан жасалған
дүниелерге сұраныс көп, - дейді шеберлер.
Ұлбосын Рысбаева, көркемдік қыш
шебері:
Мысалы үшін, құмырамен айналысқан
кезде, ішіндегі жаман энергияның бәрі сол лайға кетеді бізде. Сол арқылы ішің жеңілденіп, шабыт ала бастайсың. Міне,
бұл құмыраның пайдасы. Сатылымға да, бизнесі де жақсы. Былайша өзіңе де жақсы.
Денсаулыққа да жақсы.
Бауыржан Омарбеков, ОҚО кәсіпкерлік,
индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы:
Кез келген турист
өзінің барған еліне, жеріне барған кезде сол елдің тарихын, дәстүрін көрсететін
бір бөлігін сувенир ретінде алып кетуге тырысады. Яғни біз осындай
қолөнершілерді ынталандыра отыра, біздің өзіміздің тарихымызды көрсететін,
дәстүрімізді көрсететін кәде сыйлардың санын көбейте отыра, олардың мағынасын
да тереңдете отыра, сырттан келген туристерге біз осы өзіміздің
салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау болып табылады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ