Халықаралық
ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында Семейде «Хиросима тасы»
орнатылды. Жапониядан жеткізілген
тас Ертіс өзенінің Түйемойнақ аралындағы
«Өлімнен де күшті» кешенінің жанына қойылды.
Ауқымды жиынға қазақстандық
және шетелдік ғалымдар, қоғам белсенділері қатысты. Шараға
Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Камохара Масаёси және
«Бейбітшілік тасы» қауымдастығының өкілдері арнайы келген. Жиналған қауым ядролық сынақ құрбандарына
арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қонақтар салмағы 40 келілік Хиросима
тасы орнатылған биіктігі 3 метрлік монументтің ашылу салтанатына куә болды.
Күншығыс елінен ұшақпен жеткізілген тас - бомба жарылысы
кезінде аман қалған Хиросима вокзалының бөлшектері. Осындай 200-ге тарта
тас әлемнің көптеген елдерінде
орнатылған.
Мичио
Умемото, «Хиросима» бейбітшілік тасы» қауымдастығының төрағасы:
Хиросима
мен Семей қалалары үшін ортақ дүниелер көп. Қос елдің ядролық жарылыстардан
көрген қасіреті аз емес. Бүгінде жер шарындағы адамзат баласының тыныштығы үшін
күш біріктірудеміз. Қазақстан Президенті мен халқының игі бастамаларын жоғары
бағалаймыз әрі қолдауға әзірміз. 70 жыл өтсе де,
ол жарылыстардың жаңғырығы әлі есімізде. Ал бұл тастар - сол
зұлмат кездің естелігі.
Жақсылық
Омар, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Семей
халқына ең бірінші Елбасының тапсырмасы бар - ол
зардап шеккен халықтың денсаулығын қалыпқа келтіру, зардап шеккен жерді қалпына
келтіріп,
халық игілігіне қайтарып беру.
Берік ХАСЕНОВ