«Союз-ТМА-18М»
ғарыш кемесінің ұшырылымына бір
тәуліктен аз уақыт қалды. Бекітілген экипаж құрамында қазақстандық ғарышкер
Айдын Айымбетов, ресейлік Сергей Волков және Дания астронавты Андреас Могансен
бар. Бүгін олар үшін маңызды күн болды. Мемлекеттік комиссия ұшу жөнінде нақты
шешім қабылдаған соң, экипаж мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді. Өздерінің
ғарыштағы жоспарларымен бөлісіп, отбасы
мүшелерімен қоштасуға да мүмкіндік алды. Шарипа Сақтапованың бейнематериалы.
Шарипа
Сақтапова, тілші:
Бірнеше
айға созылған дайындық жұмыстары артта қалды. Ұшырылым алдындағы санаулы
сағаттар. Таңертен
мемлекеттік комиссияның отырысында нақты шешім қабылданды: ұшырылым жоспарланған уақытта іске аспақ. Ғарыш
айлағына ағаш отырғызылып, экипаж дәстүр бойынша «Белое солнце пустыни» фильмін
тамашалады. Мұнан соң ғарышкерлер отбасыларымен қауышып, достарымен тілдесуге
мүмкіндік алды. Қалыптасқан қағида бойынша баспасөз мәслихаты өткізілді.
Айдын
Айымбетов,
Қазақстанның ғарышкері, «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің бортинженері:
Бала кезімде спортпен шұғылдандым.
Әскери училищеге оқуға түстім, өйткені ғарышкерлерді солардың қатарынан іріктеп
алатын. Сабағымды беске оқыдым, тентектік те бастан өтті. Тіпті бұзақылық
жасағаным үшін,
ұялған кезім де
болды.
Ғарышкерлер орбитада бірнеше
сынақтардан өту керек. Десе де, демалу жағын жерде жүріп. ойластырып қойған
абзал. Кеме
командирі Сергей Волков халықаралық ғарыш станциясында кімнің қайда
ұйықтайтыны жайлы да айтып берді.
Сергей
Волков, РФ ғарышкері, «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің
командирі:
Еуропалықтар бізде еуропалық
немесе жапондық модульде орналасады, Андреаста солардың бірінде демалады. Ал
Айдын болса, станцияның төбесінде ұйықтап көргісі келеді.
Шарипа Сақтапова, тілші:
Жалпы, қазақстандық ғарышкерлер
Волковтар әулетімен тығыз байланысты. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев бір
кездері ғарышқа Александр Волковпен бірге ұшқан. Енді оның ұлы Сергеймен біздің
кезекті ғарышкеріміз Айдын Айымбетов жауапты сапарға аттанбақ. Қазақтың
дәстүріне сай кемеде құрт, ірімшік, қымыз қойылған берекелі дастархан жайылмақ.
Жалпы, Айдынды ғарышта аумақты ғылыми-зерттеу жұмыстары күтіп тұр.
Айдын
Айымбетов, Қазақстанның
ғарышкері, «Союз ТМА-18М» ғарыш
кемесінің бортинженері:
Ерекше бір жобаны атап өткім
келіп тұр. Қазақстандық
ғалымдар арнайы құрылғы шығарды.
Орбитадаға радиациялық фон жердегіден 200 есе артық. Осы жерде менен
көрсеткіштерді түсіріп алды, содан соң ғарышта жүргенде,
дозиметрмен соны өлшеймін, жерге оралғанда тағы да жазып аламыз. Ол тек бастағы
мидың көрсеткіштері болады.
Шарипа
Сақтапова, тілші:
Ал ғарышта Қазақстан мен еліміздің әскери-әуе күштерінің
жалауы желбірейтін уақыт таяу. Айдын Айымбетовке қуат беретін тағы бір қимас дүние - кенже қызы Даяна
сыйлаған ойыншық арыстан болары сөзсіз.
Жалпы, ұшырылым алдындағы күн
экипаж мүшелері үшін қызықты әрі мазмұнды болды. Кешкі сағат бес жарымда олар
демалуға кетті. Түнгі екілер шамасында
олардың әзірлігі басталмақ. Медициналық тексеруден өту, скафандр кию,
тағысын тағылар.
Ертең, жергілікті сағат 10-нан 34 минут өткенде, әйгілі
Гагарин стартынан зымыран тасығыш орбитаға Союз кемесін алып шығады.
Шарипа САҚТАПОВА