$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Елбасының атынан балғындарға «Менің отаным - Қазақстан» деп аталатын кітаптар таратылды

AstanaTV
01.09.2015ж. 20:00
Елбасының атынан балғындарға «Менің отаным - Қазақстан» деп аталатын кітаптар таратылды

Биылғы жаңа оқу жылының балғындарға арналған басты тартуы бар. Бірінші сынып оқушыларына Елбасының атынан ең қымбат сыйлық - кітап таратылды. «Менің отаным - Қазақстан» деп аталатын кітаптың балғындарға берері мол. Білім күні мерекесіне орай, барлық оқу ордаларында салтанатты жиын ұйымдастырылып, бейбітшілік сағаттары өтті. Алғашқы қоңыраудың сыңғырын тілшілеріміз естіп қайтты. 

Бүлдіршіндер асыға күткен 1-ші қыркүйек күні Ақтөбе облысында 4 жаңа мектеп іске қосылды. Солардың бірі - Новый орта мектебі. Өткен жылдың мамыр айында құрылысы басталған жаңа білім ордасы 600 оқушыға шақталған. Тәжірибе бөлмелері мен заманауи талапқа сай компьютер класстары да бар. Бұрын Жаңа қоныс ауылының балалары бір бірінен алшақ орналасқан 3 ғимаратта оқуға мәжбүр болатын.

Ақгүл Қисықова, Новый орта мектебінің директоры:

Класс кабинеттері өте кішкентай болды. Спорт залы шағын. Асханамыз қолдан жасалған болды. Балаларға демалатын орын болған жоқ. Үйірме сабақтары дәліз бөлмелерінде өтті. Осындай қиыншылықтарымыз болды. Бірақ соған қарамастан, біз жұмыс істеп келдік.

Жаңа мектепке жаңа бағдарламамен. Бірінші сынып оқушылары Назарбаев зияткерлік мектебі жүйесімен білім алады. Тағы бір ерекшелік - мектеп табалдырығын алғаш аттаған әрбір оқушыға Елбасының атынан кітап сыйға тартылды.

Президенттің арнайы сыйлықтарына Қызылжарлық балақайлар да ие болды. Бірінші сынып оқушыларына арналған кітапта Қазақстанның көрнекті жерлері, халқымыздың салт-дәстүрі мен елімізде мекендейтін жануарлар жайлы мағлұматтар бар. Балғындар оны жақсы меңгеру үшін, мәтіндердің жанына арнайы суреттер салынған.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 8175 бүлдіршін білім ордасына тұңғыш рет барып отыр. Солардың бірі - Динара Сәбитова. Білімге құштар балақай мектепке бармай тұрып, 42 әріпті түгел таныған. Енді Ел Президенті табыстаған кітапты тез арада оқып шығамын, дейді.

Динара Сәбитова, 1 сынып оқушысы:

Маған мынандай көк кітап берді. Маған ол ұнайды. Сөздері өте әдемі. Президентке рахмет. Маған кітап бергені үшін, оған рахмет. Мен енді оны оқып тұрамын.

Астаналық оқушыларды еліміздің бас ұстазы Аслан Сәрінжіпов құттықтады. Ол ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №81-і мектеп-гимназиясында болып, бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Ұстаздар үшін де жағымды жаңалық жоқ емес.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Жаңа жылдан бастап мұғалімдердің, ұстаздардың жалақысы көбейетін болады. Сол мақсатта келесі жылдың бюджетіне қосымша 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл біз үшін өте жақсы жаңалық. Баршаңызды құттықтаймын.

Биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі - 1 қыркүйек күні Қорғаныс министрлігінің бастамасымен барлық мектептерде «Ерлік сабағы» өтті. Болашаққа батыл қадам жасауды бесіктен бастауды жөн көрген әскерилер бұл бастама нағыз отан сүйгіш азаматтарды тәрбиелеуге сеп болады деген ойда.

Мансұр ЕСХОЖИН