$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Атыраулық белсенділер тазартудан өткен ауыз судың сапасына күмән келтіруде

AstanaTV
03.09.2015ж. 20:00
1763
Атыраулық белсенділер тазартудан өткен ауыз судың сапасына күмән келтіруде

Бір ай көлемінде ауыз суға жаңа тарифпен ақы төлеп жатқан Атырау халқы алаңдаулы. Аймақтағы белсенділер «ауыз судың сапасы сын көтермейді» деп дабыл қағуда. Оны дәлелдеу үшін бастамашыл топ көп қабатты үйлердің жоғары қабатында орналасқан су жинайтын бөшкені көрсетті.

18 қабатты "Құлагер-Жайық" тұрғын үй кешенінде орналасқан мына ауқымды ыдысқа «Атырау су арнасы» мекемесі тазалаудан өткен ауыз суды толтырады екен. Сөйтіп тіршілік нәрі кешен тұрғындарына таратылады. Су жинайтын бөшке әр алты ай сайын тазартылып тұрады. Бірақ бұл ыдыс қазірдің өзінде қоқысқа толып, қабырғаларына қақ тұнып қалған. Тазартылған ауыз су жиналған бөшкені тазалау кезінде шыққан топырақ пен қақты көрген көпшілік жағасын ұстады. Атыраулық белсенділер осылайша билік пен сала мамандарының назарын аударып, ауыз су тарифін қымбаттауға қарсы боп отыр.

Талғат Аян, Атырау қаласының тұрғыны:

Мынау көріп отырғаныңыздай, 18 қабатты үйдің 18 қатарында тұрған 6 айда жиналған қоқыс. Осы қоқыс біздің өздерін сапалы деп санайтын «Атырау су арнасының» суынан шығып тұр. Атырауда басқа үйлерде мұндай накопительный бочоктар жоқ. Сондықтан мына қоқыстың бәрі ішімізге кетіп жатыр. Біздің бірінші мақсатымыз - судың бағасын көтермеу. Халықтың жағдайы төмен кезде. Судың тарифін ұстап тұру.

Біздің аймақтағы тілшіміз бұған қатысты «Атырау су арнасына» хабарласқан еді, бірақ әзірге аталған мекеме тарапынан жауап болмай тұр. Естеріңізге сала кетейік, Атырауда тамыз айынан бастап ауыз су тарифі жеке тұлғалар үшін 48, ал заңды тұлғалар үшін 67 пайызға қымбаттаған болатын. Нақтырақ айтсақ, бұған дейін әр кубына 68 теңге 28 тиын төлеп келген жеке тұғалар қазір 101 теңге 33 тиын, ал заңды тұлғалар болса, 189 теңгенің орнына 316 теңге төлеуі тиіс.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ