$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Жамбыл облысында қаңғыбас иттер тұрғындарды мезі етуде

AstanaTV
04.09.2015ж. 10:00
2773
Жамбыл облысында қаңғыбас иттер тұрғындарды мезі етуде

Қаңғыбас иттер төрт түлікке шабуда. Жамбыл облысы, Байзақ ауылының халқы иттерден көресіні көріп келеміз деп ашынады. Айтуларынша, ауыл іргесіндегі «Ақтөс» қорының төбеттері көшеде емін-еркін жүреді. Жай жүрмейді, ауылдықтардың еккен егінін таптап, жайылымдағы малына шабады екен. Құтырынған төбеттер тіпті қорымдарды қазудан да тайынбайды, - деп күйінеді ауыл халқы. Осыдан 3 жыл бұрын құрылған «Ақтөс» иесіз жануарларды қорғау қоры қаңғыбас иттерді панасына алып асырап бағады екен. Алайда қоғамдық ұйымның бұл игі ісі тұрғындарға аса жайлы тиіп жатпаған сыңайлы.

Ауыл халқы ең алдымен иттерді бетімен жіберген иесіне наразы. Олар төбеттердің төрт-түлікке қасқырдай шабуды жиілеткенінен шошып отыр. Күн көріс көзі малынан бір айрылған халық, биыл азын-аулақ бау-бақшасынан бір түйір де жеміс алмаған. Иттер таптап тастады деп ашынады. Ал көше толы иттің нәжісі қолқаны қауып, тынысты тарылтады.

Амангелді Дәуімшаров, Байзақ ауылының тұрғыны:

Малға да, адамға да - бәріне тиіп жатыр. Осы биылдың өзінде менің 3 қозымды жеп қойды. Қоршау қойғанда, қоршауының астынан шығып кетеді ғой, ит қой енді ол. 

Болғын Есіркепова, Байзақ ауылының тұрғыны:

Мына помидор, қияр анау-мынау егіп едік, ешқайсын қойған жоқ. Иті сетканың астынан шығып кетеді де, ауылға келеді. Түнімен жатқызбайды шулап-үріп.

200 итті асырап отырмын деп мақтанған мына кісі төбеттеріне шаң жуытпайды. Тұрғындардың айтқан уәжін бос сөзге балап, оған да бас ауыртқысы келмейтін сыңайлы. Тіпті биліктен қолдау күтеді екен. «Қаңғыған иттерді қорғауыма алып, қайырымдылық жасадым, «Ақтөс» қорын құрдым. Маған жергілікті билік коммуналдық қызметтен жеңілдік жасасын. Ит қорамды бүтіндеп берсін», - деп отыр.

Ирина Келлер, «Ақтөс» қорының жетекшісі:

Бізді ешкім ешқайда құрта алмайды. Біріншіден, бұл біздің бабамыздың жері. Екі жүз итім бар. Мал жанға шабуылдау оқиғаларының бұрын болғаны рас, қазір қоршау қойылғандықтан ондайдан тынышпыз. Ит қорамның шатыры жоқ, алда қыс келе жатыр. Байзақ ауданы әкімдігі жануарларға жаны ашыса, газ бен жарықты тегін қылып, есік алдыма асфальт төсеп берсін.

Байзақ ауданы әкімдігінің өкілдері қордың қожайыны көмекті жыл сайын сұраудан жалықпайды, беріп те жатырмыз, дейді. Ал ит иесінің заңды құжаттары болған соң, төбеттеріне қатысты шара қолдануға әкімдіктің әлі келмейді екен.

Еркін Зауырбеков, Ботамойнақ ауылдық округінің әкімі:

Енді ол көмек көрсетіле ме, көрсетілмей ме біздің бюджеттен қаралмайды. Жеке кәсіпкер болғаннан кейін, қолымыздан келгенше көмек көрсетілген. Коммуналдық жағдай бойынша, қазіргі газ, электр мекемелерінің барлығы акционерлік қоғам болғандықтан, өзі сол мекемеге барып арызданса. Мал-мүлікке ит тиіскен жағдайда тез арада учаскелік инспекторға хабарласса, жауабын береді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Төбеттері титықтап бітті деген тұрғындар абалаған иттерді ауыл іргесінен аулаққа көшірсін дейді. Өйткені қаңғыбас иттерден құты қашқан халық кешкі уақытта көшеге шығуға қорқады. Ал барлық құжаттарым бар, құқықтарым қорғалған деген қожайыны, керісінше, көмек сұрап, жылдан жылға ит басын көбейтуді ғана көксейді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ