Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Алматыдағы орталық мұражай қаланың коммуналды меншігіне өтуі мүмкін

AstanaTV
04.09.2015ж. 13:00
5071
Алматыдағы орталық мұражай қаланың коммуналды меншігіне өтуі мүмкін

Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражай қаланың коммуналды меншігіне өтуі мүмкін. Алайда, музей басшылығы бұған алаңдаулы. Олар мәдениет ошағы республикалық мәртебеден айрылса, ұлттық тарихымызды таныту ісі ақсай ма деп, қауіптенеді.

Айта кетейік, қазір бұл мәселе Үкімет қарауында. Қазақ мәдениетінің қаймағы бұзылмаған қазынасы саналатын Орталық мемлекеттік мұражай көп салалы өнер ордасына айналуы да бек мүмкін. Мәселенің анық-қанығын Алматыдағы тілшіміз Самат Қанағатов анықтап көрді.

Орталық мұражай Алматының қақ ортасында орналасқан. Келем деушілерге мәдениет ошағының есігі қашанда ашық. 7 залдан тұратын мұражайда қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін, ұлттық құндылықтарымызды паш ететін жәдігерлер бар. Осындай бірегей орын енді қаланың коммуналды меншігіне өтпек.

Бейбітқалы Қақабаев, ҚР мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары:

Сайып келгенде бұл музейді мәдени ошаққа айналдырамыз көп салалы деген сөз. Ал ол дегеніңіз, орталық музейдің-музей ретінде күйрегені, шаңырағының ортасына түсіп, қазақтың бірден-бір киелі, қасиетті жәдігерлер сақталған орталық - көп салалы деген сөз қосылмайды ешқашан. Енді біздің кішкентай ғана үмітіміз жаңа келген әкімшіліктегі жаңа әкім, жаңа команда, жастар ұлт мәдениетіне түсіністік танытып, осы мәселені музейді музей қалпында сақтап қалуға тырысып, көмектеседі деген үміттеміз.

Мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін, әкімдікке хабарластық. Ұққанымыз Орталық мұражай коммуналды меншікке өткен күннің өзінде, еш өзгеріске ұшырамай, қаз-қалпында жұмысын жалғастырмақ.

Ерболат Әуезов, Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:

Орталық музей қалу керек. Музейдің құжаттары, экспонаттары дейміз барлығы қалу керек. Ол қалалық меншікте бола ма, республикалық меншікте бола ма? Ең басты мақсат - музейді алдырып, музейдің экспозициясын жаңартамыз ба, жаңартпаймыз ба, оны уақыт біледі. Ең басты мәселе - ол үкіметтің шешімі. Бізге бере ме, орталықта қала ма? Ол музей болып қалады ең бірінші.

Бүгінде мұражайға кіру құны қолжетімді. Балалар үшін 50 теңге,ал ересектерге 150 теңге. Киелі шаңырақта еңбек ететін жандар келушілердің саны күн сайын артып отырғанын жеткізді. Статистикаға сүйенсек, орталық музейді көруге былтыр 134 мың адам мүмкіндік алған. Мұражайды тамашалауға ағылғандар қатары биыл да аз емес.

Зинагүл Иманғазиева, Алматы қаласының тұрғыны:

Тарихыма мән бере қарадым. Негізінен мұны білген дұрыс. Әр нәрсенің, әр мынау экспонаттың әр-түрлі адамға әсері бар. Оны білмей өскен бала білмейді деймін кейін болашақта. Ішім ашиды, білмей қалады ма деп. Балалар көбіне қазір мына планшетке қарайды. Планшетке емес, көзбен көргенге ештеңе жетпейді.

Ару Нұрғисаева, оқушы:

Қазақстан тарихын зерттей аламыз, біле аламыз. Мысалы, балаларға өте қызықты. Мен көп мұражайларда болдым. Осы музей маған қатты ұнайды. Көптеген әр-түрлі киім-кешектер, орындар, сүйектерді қарап, сен өзінің біліміңді зерттейсің.


Бұл шаңырақ 1925 жылы қазақ өлкелік Орталық мұражайы ретінде құрылған. 4 жылдан соң Алматыға көшіріліп, Жетісу губерниясының мұражайымен біріктірілді. Осылайша іргелі мәдени орталыққа айналды. Ал ару Алматыдағы қазіргі мұражай ғимараты 1985 жылы салынған. Қорында Қазақстанның ежелгі дәуірінен бастап тарихынан сыр шертетін 200 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Мұражай қала меншігіне өте ме, жоқ па - ол жағы алдағы екі айдың ішінде белгілі болмақ.

Самат ҚАНАҒАТОВ