$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Өзбекстандағы ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауды шектеудің бізге әсері қандай?

AstanaTV
04.09.2015ж. 20:00
2136
Өзбекстандағы ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауды шектеудің бізге әсері қандай?

Өзбекстан 1 қыркүйектен бастап ауыл шаруашылық өнімдерін автокөліктермен экспорттауға тыйым салды. Жеміс-жидек пен көкөніс тек қана темір жол мен әуе көліктері арқылы тасымалдауға ғана рұқсат бар. Бұл өзгеріс еліміздегі азық тұлік нарығына қалай әсер етеді? Кәсіпкерлердің ісіне қаншалықты қолбайлау болмақ? Оңтүстіктегі тілшіміз Айзада Төребекқызы мәселенің тиімді және тиімсіз тұстарын анықтап көруге тырысты.

Көрші мемлекеттің енгізген бұл өзгерісі жергілікті кәсіпкер Бағдат Молдабековті тығырыққа тіреді. Ол соңғы үш-төрт жылдан бері Өзбекстаннан ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдаумен айналысады. 

Бағдат Молдабеков, кәсіпкер:

Өзбекстан Республикасынан қазір автомобиль транспортымен жүкті шығаруға мүмкіншілік жоқ. Ал үлкен самолет, вагондармен шығару бізге өте тиімсіз. Ол өте үлкен шығынға әкеп соғады бізді. Сондықтан енді Қырғызстан Республикасымен жұмыс істеуге ниеттімін.

Осыған дейін Қазақстан аумағына Өзбекстаннан күн сайын орта есеппен тауар тиеген отыз жүк көлігі өтетін. Көкөніс пен жеміс, бау-бақша өнімдерін артқан көліктер еліміздің барлық облыстарына тарап, кейбірі одан әрі көршілес Ресейге жол тартады. Өткен жылдың тоғыз айында 414 мың тонна өнім кеден бекеттері арқылы рәсімделген. Ал биыл ел аумағына ауыл шаруашылық өнімдерін автокөлікпен тасымалдау екі есе азайыпты.

Тимур Мырзахалықов, ОҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

Жылдың басынан Өзбекстан Республикасынан Қазақстанға 235 мың тонна жеміс, көкөніс өнімдері импортталған. Оның ішінде 94 мыңы автөкөлік құралдарымен, ал 141 мың тоннасы темір жол көлік құралдарымен әкелінген. 3 сентябрьден бастап департаменттің автомобильді өткізу пункттерінде жеміс, көкөніс өнімдері тиелген автокөлік құралдары өтуі байқалмайды.

Қазір темір жол тасымалына басымдық берілген. Сарыағаш стансасына көрші мемлекеттен вагондармен жеткізілетін тауар сол жерден жан-жаққа көліктерге тиеліп әкетіледі, - дейді кәсіпкерлер. Павлодарлық Ерлан Бегаев ауыл шаруашылығы өнімін Өзбекстаннан тасып, саудалайды. Он жылдан бері кәсібін дөңгелетіп отырған азамат Ташкенттен шыққан тауарды Сарыағашқа келген жерінен жүк көлігімен тасып аламын дейді. Барлық шаруа делдалдар арқылы жүргізіледі. Сондықтан тауар тұтынушыларға жеткенше, бірнеше есеге қымбаттап кететінін де кәсіпкер жасырмайды.

Ерлан Бегаев, кәсіпкер:

Біз бір вагон шығара алмаймыз. Бір фура шығарамыз. 10-15 тонна. Килограммы 100 теңгеден алынады. Бір вагонда шамамен 60 тонна болады. 60 тоннаны 100 теңгеге көбейтсек, 6 млн бір вагонға шығып тұр. Сәл қымбаттау бізге. 

Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік басқармасының дерегінше, Өзбекстаннан келіп жатқан импорт көлемі соңғы кездері айтарлықтай төмендеген. Есесіне нарықты отандық өнімдер жаулап жатыр. Өзбек тарапынан автокөлікпен тауар тасымалдауға тыйым салынуының оңтүстік қазақстандықтарға ешқандай кедергісі жоқ. Сала мамандары тапшылық та, бағаның өсуі де болмайды дегенді айтады.


Айдос Әбіханов, ОҚО Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Бізде тек қана жылыжайдың көлемі 1 мың гектардан асып отыр. Біздің өңір арқылы Өзбекстаннан өтіп жатқан тауарлардың басым бөлігі ол басқа өңірлерге, Ресейге тасымалданады. Бізде өте аз пайызы қалады. Ол не үшін? Өйткені біздің өзіміздің тауар өндірушілеріміздің, ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің, фермерлеріміздің бәсекелестікке қабілеттілігінің артуы жылдан жылға.

Қазір жиын-терім науқанының нағыз қызған шағы. Сондықтан кәсіпкерлік палатасындағылар көрші елдің экспортқа қойған шектеуінен ұтпасақ, ұтылмаймыз деп сендіреді. Ал жергілікті шаруаларға еліміз ғана емес, алыс жақын шетел нарығын жаулауға да үлкен мүмкіндік туып тұр деп санайды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ